Министрлік танымал блогер жариялаған видеоға қатысты түсініктеме берді

Әлеуметтік желілерде баласының құқықтары бұзылғанын мәлімдеген ананың видеоүндеуі қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл бейнематериалды танымал блогерлердің бірі жариялап, оның құрамында кәмелетке толмаған баланың бейнесі бар екені анықталған. Бұл жағдайға байланысты Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жедел әрекет етті. Комитет төрағасы Насымжан Оспанова баланың анасымен тікелей байланысып, жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Қазіргі уақытта анасына психологиялық және заңгерлік көмек ұсынылып отыр. Қажет болған жағдайда, Комитет баланың мүддесін қорғау үшін сот процесіне қатысуға дайын екенін мәлімдеді.
Ведомство Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне және “Дербес деректер және оларды қорғау туралы” Заңына сәйкес, кез келген адамның, соның ішінде баланың бейнесін жариялау тек оның немесе заңды өкілінің келісімімен ғана жүзеге асырылуы тиіс екенін еске салды. Балалардың бейнесі — заңмен қорғалатын дербес деректердің бірі, – делінген хабарламада.
Комитет блогерлер мен медиа саласының өкілдеріне заңнаманы қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Тіпті ниет дұрыс болған жағдайда да, балалар қатысатын контентті рұқсатсыз жариялау олардың психологиялық жағдайына зиян тигізіп, құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Әр бала — құрметке, қорғауға және қауіпсіздікке лайық. Бұл құқықтар шынайы өмірде де, цифрлық кеңістікте де толық қамтамасыз етілуі керек, — делінген ресми мәлімдемеде.