Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзекті мәселер талқыланды

Бүгін ауданымызда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларды өзектендіруге байланысты өңірлік жұмысшы топтың кезекті штаб отырысы өтті.

Жиынға Түркістан облысының қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының емдеу профилактикалық қызметті үйлестіру бөлімінің басшысы Жамалова Салтанат Абдықайымқызы, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» комерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бейсенбаев Асхат Асанұлы, аудандық аурухананың бас дәрігері мен қызметкерлері, ауылдық округ, кент әкімдері, мекеме басшылары, «Аманат» партиясының аудандық филиалының хатшысы және кәсіпкерлік палатасының өкілдері қатысты. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Жанесен Марат Сүгірәліұлы жүргізіп отырды.

Бүгінде Түлкібас ауданында 18 879 азамат өзектендірілмеген. Яғни, сақтандырылмай отыр. Аталған азаматтардың дені жалдамалы жұмысшылар, келісім-шартпен табыс табушылар және кәсіпкерлер, дербес табыс табушылар.

Асхат Асанұлы аталған өзекті мәселенің сақтандыру қорынан тиісті қаржы бөлуге кері әсерін тигізетіндігін ескертіп, осы бағытта жұмысты жандару керектігін алға тартты.

Салтанат Абдықайымқызы облыс аумағында мемлекет басшысының медицина саласына қатысты берген тапсырмаларының орындалу барысын баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Бүгінгі таңда ауданымыздағы медициналық нысандардағы тозығы жеткен құрал жабдықтардың 85 пайызы жаңарғанын тілге тиек етті.

Сондай-ақ басқосуда ауданымыздың бас дәрігері Жанат Тоғайбекова ағымдағы жылдың 9-ай қорытындысымен атқарылған жұмыстарды баяндады.

Үстіміздегі жылдың 9-ай қорытындысымен республикалық, облыстық және аудандық дәрігерлердің көмегімен 152 түрлі деңгейдегі ота жасалынған. Соның ішінде 85-і аса қымбат жүрек пен омыртқаға және ми бөліктеріне жасалынған ота түрлері. Бұдан бөлек бес мыңға жуық ауданымыздың тұрғындарына қымбат бағалы қызмет түрлері республикалық және облыстық клиникаларда тегін көрсетілген. Аталған қызметтердің 92 пайыздан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қаржыландырылған.

Жиын соңы сұрақ-жауап форматында жалғасып, қатысушылар көкейлерінде жүрген сауалдарына тиісті жауаптарын алды.

Кездесуді қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Марат Сүгірәліұлы ауданымызға арнайы ат басын бұрып, маңызды ақпараттармен бөліскен жандарға аудан тұрғындары және өз атынан алғысын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ