“Миллиардтар бөлінді, ал нәтиже жоқ”: Атырау халқы жол сапасына наразы

Атырау қаласының қақ ортасындағы тұрғындар көше жөндеуінің баяу жүріп жатқанына наразы. Олар үйге кіріп-шығу мұң болғанын айтады. Милиардттар бөлінген жұмысқа жауаптылар салғырт қарайды деп ашынады. Сол себепті бұл мәселеге биліктегілер назар аударсын деп талап қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Атырау қаласындағы Гагарин көшесі биылғы жылдың қазан айында тақтайдай тегіс болуы керек еді. Осы көктемде басталған жұмыс сағызша созылып, тұрғындарды әбден қажытқан. Жолдың бір бетінен екіншісіне өту азап дейді қараша. Мектепке сабылатын балаларға да қиын көрінеді. Бұл жерге тіпті жедел жәрдем көлігі де кіре алмайды екен.

Осы жылдың мамыр айында бастады бұл жердегі жұмысты. Бірақ ешқандай жұмыс көріп жатқан жоқпыз біз. Мына жердің бәрін қазып тастаған. Дүкеннің өзіне бара алмаймыз мына тұрған. Кішкентай балаларға да қиын мектепке баратын. Ешкі құсап секіріп өтеміз. Біз талап етеміз жауаптылардан. Мына көшемізді тезірек жөндеп берсін. Алдымыз қыс. Жақында жаңбыр басталады. Ауа райы бұзылса тіптен балшыққа батамыз ғой. Қалай жүреміз? Мынадай жағдайда отырудан шаршадық,-дейді тұрғындардың бірі Айжангүл Төретаева.

Осы уақытқа дейін тұрғындар жобаның паспортын көрмепті. Құжаттары түгілі айналада жұмысшылардың өзін анда-санда байқаймыз дейді. Халық жиналады дегенде ғана техникалар келіп, жұмыс қарқынды жүріп жатқандай сыңай танытқан.

Құрылыс жұмыстары басталғанымен мына жерде жобаның паспортын, басқа да құжаттарын, жауаптыларын көрген жоқпыз. Құрылыс талабына сай жұмыс жүріп жатыр деп айта алмаймын. АИСТ компаниясы жауапты екен. Өзім құрылысшымын, бірақ мына жердегі жұмысқа көңілім толмайды. Ертең авторлық қадағалаушылар келсе өзім де айтып бере аламын осының бәрін. Негізі бізге құрылыс басталады деп де ескертілген жоқ. Алдын-ала басталатын және аяқталатын уақытын да жауаптылар хабарламады. Мына жердегі үйлердің көбі сносқа кеткен. Жақын арада сүріледі. Ақшамызды ала сала көшеміз. Соған дейін неге күтпеді? Ертең мына жерлерден қала шығамыз. Тезірек бізге жұмысты аяқтап беруін сұраймыз,-деді тұрғындардың бірі Айбек Абдрахманов.

Бұл көшенің жөндеуіне бюджеттен 2 млрд 350 млн теңге бөлінген. Оның 510 млн теңгесі 2024 жылы, тағы 350 млн теңгесі биыл аударылған. Қазірге дейін 750 метр болатын жол жұмысы ғана аяқталыпты. Бұл бағыттың жөндеуі 2018 жылы жасалған жоба негізінде жүргізіле бастаған. Бірақ ол жобада жол астының қандай екені, онда қандай желі құбырлары бары ескерілмеген. Сондықтан аяқ астынан түзетулер енгізіліпті. Жұмыс соның салдарынан кешіккен.

Аталған нысан бойынша құрылыс жұмыстары 2024 жылдың ашық электронды байқау қорытындысымен анықталып, басталды. АИСТ компаниясы алды. Аяқ астынан жобаға өзгеріс керек болды. Қазіргі уақытта жұмыс жүріп жатыр. Біздің жоспарға сәйкес 2026 жылдың бірінші жартысында аяқталады. Негізі биыл қазан айында тапсырылуы керек еді. Біздің тарапымыздан тиісті бақылау жүріп жатыр. Техникалық қадағалаушы бар, авторлық қадағалаушы бар. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асыру барысында жұмыстардың және қолданып жатқан материалдардың сапасы да бақыланады,-дейді Атырау қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Алмас Сәрсенов.

Облыс бойынша өзекті проблемаларды көтеріп жүрген белсенділердің бірі Ерлан Абиров бұл проблеманың әлі шешілмей келе жатқанына жобаның дұрыс жасалмауы себеп дейді.

Дұрыс жасалмайтын жоба, уақытында тапсырылмайтын жобалардың бәрі жемқорлыққа жол ашады. Жобалаушының немқұрайлығы бұл. Мәселен жұмысты бастар алдында өздері барып зерделеп, қандай өзеріс керек екенін қарамайды. Желідегі картадан ала салып, сол арқылы сала салады. Ол жақта қандай құбырлар жатқанын қарамайды, ескермейді. Жобалаушы дұрыс жасамайды, тапсырыс беруші яғни жергілікті атқарушы органдағылар жұмыс басталғанда жобалаушының салмай кеткен желісін жаса дейді. Ол смета бойынша болмағасын компаниядағылар жасамаймыз дейді. Осылай жұмыс ұзаққа созылады. Сосын компаниялар көп жобаларды алып алады да, күші жетпейді бәрін аяқтауға. Осының бәрін қадағалау керек,-дейді белсенді Ерлан Абиров.

Жалпы биыл қала бойынша жол инфрақұрылымына 19, 4 млрд теңге ақша бөлінген. Қазірге дейін 6 жоба әлі аяқталмай тұр. Атап айтқанда, Жастар көшесінен-Еркінқала ауылына дейінгі 11,7 шақырымды құрайтын жолды жаңғырту,  Атырау-Индер тас жолының қала аумағындағы 10 шақырымын қайта жаңғырту, Атырау-Астрахань тас жолының қалаға қарасты 6,4 шақырым бөлігін қайта жаңғырту, Бейбарыс даңғылынан Атырау-Астрахань тас жолына дейінгі 2,8 шақырым аралығына жол салу, 2,47 шақырымды құрайтын Қожақаев көшесі және С.Датов-Қабдолов көшелерінің аралығындағы автокөлік жолдарына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Бұл тізімге тұрғындары наразылыққа шыққан Гагарин көшесі де бар. Жауаптылар жұмыс келер жылдың басында аяқталады дегенге сендірді. Енгізілген өзгертулер бойынша қосымша қаржы бөлінбейді екен.