«Мемлекеттік тіл-тәуелсіздік символы» атты байқау өтті
Шымкент қаласында ұлттық мейрам саналатын Республика күнін тойлау басталып кетті. Мереке қарсаңында қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл-тәуелсіздік символы» атты байқау өтті. Басты мақсат-мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.
Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік тілді үйренуге, оны қолдануға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Мектеп пен жоғары оқу орындары ғана емес, кәмелетке толған әрбір қазақстандықтың тіл меңгеруі үшін арнайы оқыту орталықтары жұмыс істейді. Бұл орайда қазақ тіліне деген қызығушылық танытқан өзге ұлт өкілдері де жыл санап артып келеді. Мәселен, №48 жалпы орта білім беретін мектебінің ұстазы Мафтуна Сейдова байқау туралы естіген сәттен бірден қатысуға өтінім беріп, дайындыққа көшкен. Қазақ тілін бала кезінен жетік білетін ол тіл сайысына қуана-қуана қатысуда. Оның айтуынша, қазақ тілін үйренемін деген адамға ең бірінші ниет керек. Ал, басты мақсаты қазақ тіліне деген құрметін, махаббатын көрсету, көпшілікке үлгі болу дейді ол.
Жалпы, қалалық тіл байқауы үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең «Жұлдызды сәт» үміткерлер өз өнерін көрсетуі керек. Ән айтады, би билейді, мәнерлеп көркем сөз оқиды. Ал, екінші кезеңде қатысушылар Отан, ел, туған жер туралы мақал-мәтелдерді жалғастырды. Шешуші сайыста салт-дәстүр, белгілі тұлғалар бойынша мәліметтер айттты.
Байқауға қала, аудандар арасынан іріктеліп өткен, мемлекеттік тілді жетік меңгерген 21-35 жас аралығындағы этнос жастары қатысты.
Қазылар алқасының шешімі бойынша І, ІІ, ІІІ орын алған жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, қатысушылардың барлығы алғыс хаттармен марапатталды.