Мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеті үшін өтемақы болуы керек – сарапшы

“Әділ сөз” сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова Конституциялық комиссияның сегізінші отырысында Ата Заңның жаңа жобасында әрбір азаматтың мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен немесе әрекетсіздігінен келген зиянды өтеу құқығы туралы норманы енгізуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол адам құқықтарын қорғау кепілдіктерін кеңейту мәселесіне тоқтала отырып, мемлекеттік органдар қызмет бабына қарай күн сайын адамдардың тағдырымен байланыста болатынын атап өтті. Яғни мемлекеттік шешімдер – рұқсаттар, тыйымдар немесе тексерулер қарапайым адамның жұмыс істеу, оқу, емделу және өз мүлкін қорғау мүмкіндігін анықтайды.

Қарлығаш Жаманқұлованың пікірінше, адамның мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен немесе әрекетсіздігінен келтірілген зиянды өтеу құқығы – құқықтық мемлекеттің негізгі элементтерінің бірі.

Қазақстандықтар осындай залал үшін пара-пар өтемақы алуы тиіс. Егер азаматқа әділетсіздік жасалса, ол жұмсаған уақыты, ақшасы немесе тіпті жүйкесі үшін өтемақы алуы керек, – деді ол.

Оның айтуынша, мұндай конституциялық кепілдік азаматтарды қорғап қана қоймай, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар тарапынан заңсыз шешімдер мен іс-әрекеттер қабылдау қаупін азайта отырып, тұрақты алдын алу әсерін тигізеді.

Егер сот мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың шешімдері мен іс-әрекеттері заңсыз деп таныған жағдайда, азаматтарға осындай өтемақы алу мүмкіндігіне кепілдік беру қажет, – деді Қарлығаш Жаманқұлова.

Ол мұндай кепілдікті Конституция деңгейінде енгізу әрбір адам құқықтар мен міндеттердің иесі екенін және мемлекеттен де қорғауды өз бетінше талап етуге құқылы екенін білдіретінін жеткізді.

Жалпы Қарлығаш Жаманқұлованың пікірінше, мұндай норманы енгізу әрбір азаматты жария-құқықтық қатынастардың теңқұқылы қатысушысы етеді, «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асырудың практикалық құралына айналады.

Сайып келгенде, мұндай нормамен жаңа Конституцияның жобасы ел азаматын, оның мүдделері мен құқықтарын бірінші орынға қоятын барынша адамға бағдарланған болады. Сондықтан Конституцияға әрбір азаматтың мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттерінен немесе әрекетсіздігінен келген зиянды өтеу құқығы туралы норманы енгізуді ұсынамын, – деп түйіндеді ол.

Еске салайық, бұған дейін Ерлан Қарин Конституция алғаш рет қазақша жазылып жатқанын айтты.