Мемлекеттік қарыз 2023 жылғы деректермен салыстырғанда 17%-ға өскен

 Мәжілісте Үкімет пен Жоғары аудиториялық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Дания Еспаева 2024 жылғы республикалық бюджет орындалғанын айтып өтті. Сөзінше, ол күрделі экономикалық жағдайда жүзеге асырылды.

Үкіметтің негізгі міндеті – бюджетті сапалы қалыптастыру, тиімді орындау және әкімшілендіру. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, бюджетті іске асыру әрдайым оны тиімді орындаумен қатар жүре бермейді. Өкінішке қарай, депутаттық корпус бюджетті орындау кезінде Үкімет жол беретін проблемалар туралы үнемі айтып келеді. Бұл тіпті үйреншікті жағдайға айналды, – деді депутат.

Еспаева бюджетті орындауға қатысты жыл сайын көтерілетін мәселелерді атады.

Дефицит көлемі едәуір үлкен. Ол жылдан-жылға өсіп жатыр және бюджет кірісі есебінен емес, Ұлттық қордан берілетін трансферт есебінен жабуға алып келіп жатыр. Мемлекеттік қарыз мөлшері ұлғайып келеді. 2024 жылы да солай болды. Мемлекеттік қарыз 2023 жылғы деректермен салыстырғанда 17%-ға өсті. Сондай-ақ тиімсіз пайдаланылған қаражат көлемі жоғары деңгейде қалып отыр, – деп айтты Мәжіліс депутаты жиында.

Оның сөзінше, Жоғары аудиторлық палатаның деректері бойынша 2024 жылы тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен активтер көлемі 2 есеге жуық өсті. 2023 жылы – 250,2 млрд теңге, 2024 жылы – 475 млрд теңге. Ал анықталған бұзушылықтардың жалпы көлемі 862 млрд теңге (2023 жылы – 523 млрд теңгені).

ПІКІР ЖАЗУ