Мейіржан Төребаев қаржы пирамидасынан тұрақты түрде ақша алып тұрған – прокурор
Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов “Mudarabah Capital” ісі бойынша мәліметтермен таныстырды.
Осы қаржы пирамидасын жарнамалаған елімізде танымал вайнер әрі блогердің біреуі шетелге қашып кеткен, деп хабарлайды Экспресс К.
“Mudarabah Capital” қаржы пирамидасын ұйымдастыру бойынша 14 күдікті адам тергеліп жатыр. Олардың арасында танымал вайнер әрі блогер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзізжан Саидбаев бар.
Қазір олардың және туыстарының мүлкі тәркіленіп алынды. Алайда жылжымалы және жылжымайтын мүліктің тағдырын сот шешетін болады. Тәркіленген мүлік арасында 4 жер учаскесі, 10 пәтер, 1 дүкен, 5 үй мен 2 автокөлік бар екенін айта кетейік.
“Вайнер, блогер дегендер де қарапайым адамдар. Конституцияға сәйкес, олардың қатардағы азаматтар сияқты құқықтары мен міндеттері бар. Қылмыстық қудалау органдары ешкімді бөліп-жармайды, бізге олардың мәртебесі мен жұмыс орны маңызды емес. Қаржы пирамидасын жарнамалаған 3 вайнер де қылмыстық жауапкершілікке тартылады”, — деді Санжар Әділов.
Оқи отырыңыздар:
Оның айтуынша, прокурордың өтініші бойынша Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов кепілдік беріп, бостандықта жүр. Дегенмен үшінші күдікті Әзізжан Саидбаев тергеу органдарынан қашып кеткен. Қазір ол сырттай қамауға алынып, халықаралық іздеуде жүр.
Осы іске байланысты Алматы қаласы прокурорының орынбасары Нұрлан Ауғанбаев “Время” газетіне сұхбат беріп, кейбір жайттарға пікір білдірген екен.
“Қылмыстық іспен таныстым, тек өз пікірімді айта аламын. Біріншіден, вайнерлер өзінің танымалдылығын пайдаланып, жаңа клиенттерді жастар арасынан тарқан. Мейіржан мен Мейірханның қаржы пирамидасын белсенді түрде жарнамалағаны да анық. Осыған қоса екеуі де компанияның құрылтайшысы, яғни олар кәсіпорын айналымындағы ақшаның ұлғаюына мүдделі болды”, — дейді Нұрлан Ауғанбаев.
Оның айтуынша, қазір адвокаттар “Мейіржан Төребаев компанияның құрылуына қатыспады, оның иесі емес” дегенді алға тартып жатыр.
Тергеу оның құрылтайшылар қатарына кірмей тұрып та, компаниядан тұрақты түрде төлемдер алып тұрғанын анықтады. Бұл табыс жасырын болған, ресми есепте көрсетілмеген. Яғни бұл ақшаға салық салынбаған, олар қара бухгалтериямен өткен,
Нұрлан Ауғанбаевтың айтуынша, Instagram жұлдыздары компанияның ислам инвестициясымен емес, жай ғана ақша тартумен айналысқанын білмеуі мүмкін емес.
Пирамиданы ұйымдастырушылар әлеуметтік желі арқылы жастарды ғана емес, дінге жақын адамдарды да тартуға ниетті болған. Өйткені компания бұл инвестицияның барлығы халал екенін айтып, “дінде адамды алдауға болмайды” деп насихаттаған,
Біз бұған дейін осы қаржы пирамидасына 20 миллион теңге салған әйел өзін-өзі өртеп жібергені туралы жазған едік.