Мәжіліс депутаты Сауран ауданы жұртшылығымен кездесті

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының өңірімізге жасаған жұмыс сапары жалғасуда. Бекітілген жұмыс кестесі бойынша, Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Балабиев бүгін Сауран ауданына келді. Жұмыс сапары барысында Парламент өкілі Мемлекет басшысының тапсырмалары мен «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасының жергілікті жерде орындалуын қадағалап, сайлаушылармен кері байланыс арнасын түзуді, өзекті деген мәселелердің шешім табуына үлесін қоспақ.

Мәжіліс депутатының ауданға жасаған жұмыс сапары Шорнақ аулындағы «Бинэкс» ЖШС-нің кірпіш зауытынан басталды. Мұнда заң шығарушы органның өкілі өндіріс орнының қуаттылығымен танысып, зауыт жұмысшыларымен жүздесті. Парламент өкілінің жұмысшылармен кездесуіне Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, партияның Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, Сауран аудандық мәслихатының депутаты Арсылан Раматуллаев қатысып, ауданның өндірістік әлеуеті және аудан тұрғындарын жұмыспен қамту мәселелері бойынша өзара пікір алмасты.

Түркістан қаласындағы қарқын алған құрылысқа аса қажетті өнім шығаратын кәсіпорында 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жылына 3 млн. дана кірпіш шығаратын зауытта өндірістік процесстер толық автоматтандырылған, инновациялық технологиялармен жабдықталған. Зауыт басшылығы кәсіпорынның өндірісік қуатын арттыру мүмкіндіктері қарастырылып жатқанын мәлімдеді және өндірістік үдерісте экологиялық талаптарды сақтауға басымдық беріліп жатқанын айтты.

Зауыт жұмысшыларымен кездесу барысында Қайрат Рахымұлы осы жұмыс сапары аясында Парламент өкілдері қабылдаған заңдардың жергілікті жерлерде орындалуы зерделенетінін жеткізді. Сондай-ақ, қолданыстағы заңдар бойынша қай талаптарды жетілдіру керек, соған баса берілетінін айтты. Осы орайда, тұрғындардан өз азаматтық пікірін білдіруде белсенді болуға үндеп, өзекті деген мәселелерді бірлесе шешуге шақырды.

Ауданға жасаған жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаты жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, азаматтар көтерген мәселелерге құлақ түрді. Жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерін аудан әкімі, осы ауданнан сайланған Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, партия филиалының жауапты өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары да тыңдады, көтерілген мәселелер бойынша толық ақпар беріп, оларды шешу бағытындағы қабылданған жоспарлармен бөлісті.

Айта кету керек, кездесу барысында тұрғындар тарапынан ауыз су мәселесі, елді мекендердегі білім беру ұйымдарын жөндеуден өткізу, интернет кеңістіктегі құмар ойындардың таралуына шектеу қою, әлеуметтік және денсаулық сақтау салаларына қатысты жеке өтініштері мен ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ