МӘУЛІТ МЕРЕКЕСІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Мәуліт – мұсылмандардың ең ұлық мерекесі. Бүгін Мұхаммед Пайғамбарымыздың туған күніне орай, аудан орталығы Ленгір қаласындағы «Ақ босаға» дәмханасында Мәуліт мерекесі тойланды. Аталған күнге орай ұйымдастырылған іс-шараға аудан әкімі Төлеген Телғараев қатысып, жиналғандарды Мәуліт мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Мерекелік жиынға белгілі дінтанушы, теолог, ҚМДБ өкілі Арман Қуанышбаев арнайы қатысып, жиналғандарға мерекенің маңыздылығын түсіндіріп, Пайғамбарымыздың өмір жолынан сыр шертіп, адамдарды мейірімділік пен ынтымақ-бірлікке тәрбиелеудегі дініміздің рөлін сөз етті.

– Ел болып Егемендігімізді алғалы Мәуліт мерекесін тойлау, жылдан жылға кеңінен етек жайып, осы айды түрлі шаралармен атап өту дәстүр болып қалыптасқан. Қазір Ислам елдерінің барлығында Мәуліт мерекесі атап өтілуде, бұл пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігімізді, құрметімізді білдіреді. Адамдарға пайғамбарымыздың өнегелі өмірін, имандылықтың басты құндылықтарын насихаттау жолында Мәулітті атап өтудің маңызы зор,- деді құттықтау сөзінде аудан әкімі.

Мерекелік концерт барысында илләһи әндер шырқалып, пайғамбарға салауат айтылды. Сонымен қатар, ғаламның рақым нұрына айналған Мұхаммед пайғамбардың өмірбаянынан үзінділер оқылды. Сөз қадірін түсінетін көпшілікке арнау да ұсынылды.

Ислам дінінің ұрпақ тәрбиесіндегі мәні мен мақсатын дәйім дәріптеп отыру, жалпы бүгінгі діни ахуалды таразылап, тармақтай білу қай-қайсымыз үшін де маңызды мәселе. Салтанатты жиын барысында аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы ауданда дәстүрлі Ислам дінін насихаттап жүрген бір топ азаматқа Төлеби ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған мерекелік медаль табыс етті.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ