Мәслихаттар мен әкімдіктер өзара үйлесімді жұмыс істеуі керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумындағы сөзінен:

«Баршаңызды мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумының ашылуымен құттықтаймын!
Шын мәнінде, бұл жиынның мән-маңызы айрықша. Депутаттар – өзекті мәселелерді ашық айта білетін, азаматтардың қоғамдағы ой-пікірін атқарушы билікке тікелей жеткізетін қауым. Бір сөзбен айтсақ, депутат болу – халықтың үні болу деген сөз. Мысалы, жаңа ғана сөз сөйлеген азаматтар өте маңызды мәселелерді көтерді. Әсет Махамбетовтің білікті маман ретінде атом энергиясы туралы пікірі өзекті. Сырымбек Сәрсембаев моно-қалаларды дамыту жөнінде жақсы ұсыныстар айтты. Ринат Заитовтың ұлттық өнерді қолдау туралы пайымдары да орынды. Депутаттар Юлия Кучинская және Евгений Буслаев та өте өзекті пікірлерін айтты.
Мәслихат – мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы. Аймақ жұртшылығының тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы қашанда мәслихат депутаттарының жіті назарында болуға тиіс. Сайлаушылардың мүддесін қорғап, ел үмітін ақтау – басты парыз. Мен мәслихаттардың қызметіне ерекше мән беремін. Жалпы, елімізде 3300-ден астам мәслихат депутаты бар. Соның 70 пайызына жуығы осы залда отыр».

Мәслихаттар мен әкімдіктер өзара үйлесімді жұмыс істеуі керек.

Реформаның арқасында еліміздегі әкімдер институты айтарлықтай өзгерді. Ауыл әкімін тікелей сайлау тәсіліне біржола көштік. Аз уақыттың ішінде ауыл әкімдерінің 90 пайызына жуығы жаңарды. Сондай-ақ аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жүйесін пилоттық жоба ретінде сынап көрдік. Биылғы Жолдауда айттым, олардың бәрі жаңа жылдан бастап сайланатын болады. Осылайша, басты билік тармақтары түгел сайлау жүйесіне көшті. Қазақстан тарихында ешқашан ондай тәжірибе болмаған. Тіпті, мұндай ауқымды реформа осы аймақта біздің елде ғана жасалып жатыр деуге толық негіз бар. Мұның бәрі – демократиялық даму жолындағы айрықша маңызды қадамдар.

Елімізде халықтың жартысына жуығы ауылда, ауданда тұрады. Сондықтан азаматтардың көпшілігі үшін тікелей сайлау үйреншікті, қалыпты нәрсеге айналды. Бұл жағдай жұрттың сайлау мәдениетін көтереді, саяси институттарды нығайтады. Жалпы, әкімдерді тікелей сайлау жүйесі елімізде жаңа саяси ахуалдың қалыптасуына жол ашты. Жергілікті атқарушы билікке жаңа буын өкілдері көптеп келе бастады. Кәсіпкерлердің, қоғамдағы белсенді азаматтардың, жастардың арасынан шыққан әкімдер аз емес. Қазір олар ел басқару ісін үйреніп, тәжірибе жинап жатыр. Жедел шешім қабылдап, жұмысты дер кезінде ұйымдастыруға бейімделіп келеді. Бұл қыста жылу-энергетика саласында күрделі жағдай болған кезде анық байқалды. Көктемдегі тасқын да кімнің қолынан іс келетінін нақты көрсетті. Шаруаға ширақ әрі елге жанашыр азаматтардың әкім болғаны дұрыс. Оларға жан-жақты қолдау көрсету керек. Әсіресе, мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі деуге болады».

Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсынған партиялар мүдделі болуы керек. Бүгін мәслихат депутаттарының біліктілігін жетілдіру туралы ұсыныс айтылды. Мәслихат депутаттары қызметінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет. Бұған Мемлекеттік басқару академиясын тарту керек. Партиялар өз депутаттарының біліктілігін жетілдіру мақсатында Академиямен ынтымақтастық орнатқаны жөн деп санаймын. Әрине, бұл жұмысты аймақтың ерекшеліктерін, халық қалаулыларының кәсіби және қоғамдық-саяси тәжірибесін ескере отырып ұйымдастыру қажет.
Сонымен бірге депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс. Мойындауымыз керек, бұл істе көзге көрініп тұрған кемшіліктер бар. Атап айтқанда, мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдындағы есебі көбіне формальді түрде өтеді. Мұндай кездесулерге тыңғылықты дайындалып, сапалы өткізуге ерекше мән берген дұрыс. Саясат дағдыларын меңгеру, адамдармен сөйлесе алу және ашық диалог кезінде өз ұстанымын дәлелдей білу өте маңызды.
«Біз бүгін мәслихаттардың жұмысына және маңызды мәселелерге қатысты пікір алмасамыз. Бәріңізге мәлім, соңғы жылдары елімізде жан-жақты жаңғыру жұмыстары қолға алынды. Соның ішінде саяси реформалардың орны бөлек. 2022 жылы референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгіздік. Парламенттің рөлін айтарлықтай күшейттік. Заң шығарушы органның қазіргі қызметіне Ерлан Жақанұлы арнайы тоқталып өтті. Жалпы, билік тармақтарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдадық. Онда жергілікті өкілді билікке қатысты мәселелер де бар. Атап айтсақ, облыстық мәслихат сайлауы аралас жүйе арқылы өтеді. Ал аудандық депутаттар тек қана мажоритарлық тәсілмен сайланады. Бұл қадам еліміздің демократиялық жолмен дамуына зор серпін берді деп сеніммен айта аламыз.
Ауқымды реформаның нәтижесінде саяси бәсеке жандана түсті. Жаңа ережеге сай өткен сайлаудан кейін мәслихаттарға жаңа адамдар келді. Алты саяси партияның өкілдері депутат мандатына ие болды. Қазір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келген депутаттар. Қалғаны – түгел бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Өзін-өзі ұсынған 434 адам депутат атанды.
Ашығын айтсақ, бұрын саяси партиялар түрлі санаттағы азаматтармен жұмысқа көп көңіл бөлмейтін. Заңмен талап еткеннен кейін ғана мән бере бастады. Мысалы, партиялық тізімде жастарға арнайы квота бөлінді. Бұл шешім олардың қоғамдық-саяси үдеріске араласуына жол ашып берді. Бұрын мәслихаттағы жас азаматтардың үлесі 2 пайызға да жетпейтін. Қазір заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде бұл көрсеткіш еселеп артты деуге болады. Бүгін де ортамызда көптеген жас депутаттар отыр. Олар түрлі мінберден жастарға қатысты өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүр».

ПІКІР ЖАЗУ