Марқұм Шерзаттың ағасының соңғы хаты қалай таралып кетті? ІІМ жауап берді

 Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында марқұм Шерзат Болаттың ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. Ол ең алдымен журналистердің Шерзаттың әкесі не үшін қамауға алынғанына қатысты сұрағына жауап берді. Баршаңызға мәлім, Еңбекшіқазақ ауданының соты осының алдында баспасөз релизін таратты. Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін және көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасағаны үшін Қаржаубай Нұрымов әкімшілік жауапқа тартылды, – деді Әділов кулуарда. Оның айтууынша, Шерзат Болаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталуға жақын.

Жылдың соңына дейін барлық сараптама нәтижесін алып, тергеу амалдарын аяқтаймыз. Осы қылмыстық іс бойынша 11 фигурант қамауда отыр, – деп түсіндірді Санжар Әділов. Ішкі істер министрінің орынбасары марқұм Шерзаттың ағасының соңғы хаты қалай таралып кеткенін түсіндірді.

Бұл хатты марқұмның туыстары берді. Олардың келісімі негізінде жарияланды. Оны жариялауға қатысты ешқандай да заңнамалық кедергілер болмады. Бұдан бөлек осы мәселеге қатысты Алматы облыстық полиция департаменті жедел пікір білдірді, – деді ІІМ өкілі. Айта кетейік, бұған дейін Талғар маңынан Шерзат Болаттың ағасының денесі табылғанын хабарлаған болатынбыз. Кейін полиция өзіне қол жұмсаған Шерзаттың ағасы қоштасып жазба қалдырғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ 10 желтоқсанда Шерзат Болаттың әкесі қамауға алынғаны белгілі болды. 

ПІКІР ЖАЗУ