Маңғыстауда полицейлер теңізге ағып кеткен қызды құтқарды

Маңғыстау облысында полицейлер суға батып кете жаздаған жасөспірімді құтқарып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға 18 тамыз күні сағат 18:30 шамасында Түпқараған ауданының Шапағат ауылындағы жағалауда болған. Полиция кезекшілік бөліміне төтенше жағдай туралы хабарлама түсіп, оқиға орнына жедел түрде учаскелік полиция инспекторлары – полиция капитаны Данияр Назарбаев, полиция капитаны Біржан Шапагатов және полицияның аға лейтенанты Дулат Гайнуллин шыққан.
Құқық қорғаушылар жергілікті тұрғындармен бірге қайық тартып, теңізге бет алған. Жағадан шамамен 600 метр қашықтықта болған жасөспірімді қайыққа шығарып алып, сәтті түрде жағаға жеткізді.
Абырой болғанда, қыз ешқандай жарақат алған жоқ.
Полиция бұл жағдайды қызметкерлердің жедел қимылы мен жанқиярлығының айқын үлгісі ретінде атап өтті. Сондай-ақ азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған “Заң және тәртіп” қағидатының іс жүзіндегі көрінісі екені айтылды.