Маңғыстау мен Степногорскіде Ұлттық ұланның екі қызметкерінің денесі табылды
Ұлттық ұлан Маңғыстау облысы мен Степногорск қаласында екі қызметкерінің “өзіне қол жұмсағанын” хабарлады. Ресми ақпаратқа қарағанда, бірінші оқиға 29 шілде сағат 21.00-де Ақмола облысы Степногорск қаласында тіркелген. Екінші оқиға 30 шілде түнгі сағат 3 жарым шамасында анықталған.
“29 шілде күні сағат 21.00 шамасында автопарк бойынша кезекшілікте тұрған қатардағы жауынгер Н. Оразбай кезекшіден дәретханаға сұранып кетеді. Біраз уақыттан кейін оны шақырып келуге шыққан кезекші сарбаз автопарк аумағында орналасқан қойма ішінде Н.А.Оразбайдың асылып тұрғанын көреді” деп жазылған хабарламада.
Жедел жәрдем көлігі шақырылып, дәрігерлер сарбаздың қайтыс болғанын растаған. Н.Оразбай 1995 жылы туған. Ұлттық ұлан қатарына 2021 жылы күзде шақырылған. Ұлттық ұланның хабарлауынша, 30 шілде күні таңғы сағат 5.15-те Маңғыстау облысында “әскери бөлімге аға сержант А. С. Мерғалиевтің өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат түскен”.
“Мән-жайды нақтылау кезінде жұбайының түнгі сағат 3.30 шамасында күйеуін үйінің дәретханасынан асылып тұрған күйінде тауып алғаны белгілі болды” деп жазылған хабарламада. Ақпаратқа қарағанда, арнайы комендатураның қарауыл бастығы аға сержант Мерғалиев Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылында тұрған. 1990 жылы туған. Үйленген, бір қызы бар. Ұлттық ұлан қатарында 2015 жылдан бастап қызмет еткен.
Ұлттық ұланның хабарлауынша, оқиғаларға байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Ішкі істер министрлігіне қарасты орган сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге тыйым салынғанын алға тартып, тергеу деректері туралы мәлімет бермеген.