МӘМС жарнасы тағы қымбаттай ма?

Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, ӘМСҚ-ға жасалатын жарна төлемінің шегі 5 есеге дейін өседі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жалақысы жоғары қызметкерлерге түсетін жүктеме қанша пайыз артады? Мәселен, қазіргі ең жоғары 17 мың теңге жарна төлеп жүргендер 85 мың теңге төлеуге міндеттеле ме? Бұл сұрақты жауапты қордан сұрап көрген едік.
Мемлекет басшысы МӘМС жүйесін ауқымды жаңғыртуды, ұлт денсаулығын нығайту және азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін қайта жүктеу бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруды тапсырды. МӘМС пакетіндегі айтарлықтай жүктемені азайту оның қосымша шығындарын арттырады. Осыған байланысты жүйенің қаржылық тұрақтылығы маңызды шарттардың біріне айналады. Себебі жеткілікті қаржыландырусыз барлық азаматтарға қажет жоғары деңгейдегі медициналық көмекті қамтамасыз ету мүмкін емес, – деп жауап берді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры редакцияның ресми сауалына.
Жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін заң жобасында мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігін арттыруға бағытталған екі бастама ұсынылады:
1) қызметкерлердің жарналарын есептеу базасының жоғарғы шегін көтеру;
2) мемлекет тарапынан МӘМС жүйесіне аударатын жарна мөлшерлемелерін арттыру.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесіне жарналарды есептеу үшін қолданылатын табыс базасының жоғарғы шегін 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін көтеру ұсынылып отыр. Бұл – іс жүзінде жоғары жалақы алатын жұмыскерлер үшін МӘМС жүйесіне жарна төлеудегі жеңілдікті алып тастау деген сөз. Бұл өзгерістер барша азаматтарға емес, тек 9% жалдамалы жұмыскерлерге (яғни ай сайын 850 мың теңгеден жоғары жалақы алатын, шамамен 508 мың адамға) және олардың жұмыс берушілеріне қатысты болады, – деді қор.
Түсінікті болу үшін:
Қазір Қазақстандағы МӘМС моделінде регрессивті қаржыландыру қолданылады – яғни табысы аз адамдар табысына шаққанда көбірек жарна төлейді. Ал табысы жоғары азаматтар табысына шаққанда азырақ төлейді. Мысалы, ай сайын 1 млн теңге жалақы алатын азамат үшін бүгінгі күні нақты жарна мөлшерлемесі – 2% орнына небәрі 1,7%-ды құрайды, себебі табысты есептеу шегі 10 АЕК-пен шектелген. Ал 400 мың теңге алатын азамат 2% толық төлейді. Жалақысы одан да жоғары адамдар үшін нақты мөлшерлеме тіпті 0,4%-дан аспайды.
Табысы төмен адамдар табысы жоғары адамдарға қарағанда көбірек жарна төлемеуі керек. Жүйені қаржыландыру әділ болуы тиіс: жарналар азаматтардың табыс деңгейіне сай болуы қажет. Ал қазіргі жағдайда әлеуметтік теңдік пен әділеттілік қағидасы толық сақталмай отыр.
Сондықтан ұсынылып отырған тәсіл жауапкершілікті әділетті бөлуді көздейді. Бұл жаңа норма бойынша жоғары табыс алатын азаматтар ұтылмайды – олар барша халықпен тең негізде жарна төлейтін болады.
Ал табысы орта және төмен деңгейдегі халық, яғни басым көпшілігі – тек ұтады: олар алатын медициналық көмек көлемі ауқатты азаматтар есебінен қосымша қаржыландырылатын болады.
Айта кетейік, әлемдік тәжірибеде табысқа салық салу кезінде жоғарғы шек белгілеу немесе регрессивті салық салуға жағдай жасау тәжірибесі жоқ.