МӘМС төлеп, дәрігерге қаралмайтын тұрғындар енді бақылауға алынады

Қазақстанда емханалар белсенді емес тұрғындармен жұмысты күшейтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарда белсенді емес және сақтандырылмаған пациенттер болған жағдайда төмендету коэффициенттері енгізілуіне байланысты емханалар тіркелген контингентті нақтылау және азаматтарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне тарту жұмыстарын күшейтті, – делінген хабарламада.
Ведомство түсіндіргендей, жаңа қаржыландыру моделі медициналық ұйымдарға бөлінетін қаражат көлемін азайтуды қарастырады, егер ұзақ уақыт бойы медициналық көмекке жүгінбейтін пациенттердің үлесі немесе сақтандырылмаған азаматтардың саны жоғары болып қалса.
Осылайша, қаржыландыру тікелей пациенттердің нақты белсенділігіне және олардың МӘМС жүйесіне қатысуына байланысты болады, – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлікте қабылданған шаралар алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және профилактикалық жұмысты күшейтуге бағытталғанын айтты. Әсіресе созылмалы ауруларды ерте анықтауға, скринингтік тексерулер жүргізуге және диспансерлік бақылауға ерекше мән берілуде.
2026 жылы Денсаулық сақтау министрлігі халықты тіркеу қағидаларын қайта қарауды, қызмет көрсетушілерді медициналық қызметтерді сатып алуға жіберудің жаңа критерийлерін енгізуді, ауылдық жерлердің ерекшелігін ескере отырып алғашқы буынды қаржыландыру моделін жаңартуды және скринингтерді облыс орталықтары деңгейінде орталықтандыруды жоспарлап отыр. Реформалар Мемлекет басшысының денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда, – деді ведомстводан.




