МӘМС қорындағы былық: Тоқаев қатаң баға берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне жүргізілген кешенді тексеріс барысында бірқатар елеулі заңбұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тоқаевтың сөзінше, тексеріс кезінде мемлекеттік қаражатты аса ірі көлемде қаржы жымқыру мақсатында құжаттарды қолдан жасау, жалған есеп беру секілді фактілер тіркелген.
Президент 2024 – 2025 жылдары мемлекет денсаулық сақтау саласына 7,8 трлн теңге бөлгенін еске салды. Ол әлеуметтік салаға бағытталған қаржы азаматтардың өмір сапасын жақсартуға жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті.
Үкіметтің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарауына беру жөніндегі шешімін қолдаймын. Қорда орын алған жағдай – әлеуметтік сала басшыларының біліксіздігі мен мемлекеттік мүддеге немқұрайлы қарауының салдары. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің адалдығына қойылатын талап әлі де өзекті, жалпыұлттық деңгейдегі міндет болып қала береді, – дейді Президент.




