“МӘМС қаржысы қайда?”: Заңбұзушылықтар көлемі 60 млрд теңгеге жетуі мүмкін

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Парламент кулуарында МӘМС жүйесіндегі заңбұзушылықтарға қатысты Бас прокуратураға жаңа мәлімдеме дайындалып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстанның 4 өңірінде өрескел заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда “жалған тіркеулер және жұмыс істемейтін ұйымдарға қаражат аудару” деректері бар.
“СК-Фармацияға” қатысты мәлімдемені 1 шілдеде жолдадым. Қазір Бас прокуратура айналысып жатыр. Ал МӘМС бойынша мәлімдеме алдағы күндері жіберіледі, – деді депутат.
Депутаттың айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі анықталған заңбұзушылықтардың жалпы көлемі ондаған миллиард теңгеге бағаланып отыр.
Заң бұзушылықтар орта есеппен 30-дан, кейде 60 миллиард теңгеге дейін барады. Барлығы Бас прокуратураның қалай бағалайтынына және кейін құқық қорғау органдарының қандай шешім қабылдайтынына байланысты, – деді депутат.