МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ

Төлеби ауданында тындырымды тірлік көп. Ежелден мал шаруашылығы жақсы дамыған ауданда жаңа жобамен жұмыс істеп жатқандар да жоқ емес. Соның бірі – Кемеқалған ауылдық округіне қарасты Әңгірата ауылының тұрғыны Нұрбек Жамбыл­ұлы. Ол осыдан үш жыл бұрын «Раяна» шаруа қожалығын құрып, асыл тұқымды малдарды бордақылаумен шұғылдана бастайды. Бүгінде елу ірі қара мал мен он шақты уақ малды және үш жылқыны жемдеп отыр.

Жылына он бес тоннаға дейін ет өндіретін қожалықта екі адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өзін Жәнібек Ақмырзаев деп таныстырған әңгіраталық азамат өз ауылынан ұзамай-ақ жұмыс тауып отырғанын айтады. «Мал бар жер берекелі болады ғой. Осында жұмыс істеп жүргеніме үш жыл болды, жағдайымыз жаман емес. Жүз елу мың теңге тұрақты жалақым бар, одан бөлек сүт-айран, еттен тарыққан емеспіз. Ең бастысы, еңбекке адал болу керек» дейді ол.

Жәнібектің айтуынша, әр малдың өзіндік ерекшелігі болады. Мысалы, жылқы малы күтімі жақсы болса жетпіс күнде семіреді. Ал, ірі қараны семірту үшін алты ай еңбектену керек. Уақ малдың да толық семіруіне сонша уақыт кетеді. Жем-шөбін дер кезінде беріп, жақсы қарасаң, ірі қараның алды 300-350 келіге дейін, кейбір қошқарлар жүз келінің үстінде ет береді.

Иә, мал баққанға бітеді. Төлеби ауданының жері шүйгін, оты құнарлы болғандықтан бұл өңір мал бордақылауға да қолайлы екен.

ПІКІР ЖАЗУ