Мақтааралдың сәулеттік келбетінің қалыптасуында құрылысшылардың ерең еңбегі жатыр
Қадірменді құрылысшылар!
Құрылыс саласының ардагерлері!
Тамыз айының екінші жексенбісі – заманның ең керек мамандығына айналған құрылысшылардың төл мерекесі. Сондықтан, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Құрылыс саласы – ұлттық экономикамыздың маңызды салаларының бірі. Ал, жасампаздықтан тұратын құрылысшы мамандығы қай кезде де қоғамда ерекше құрметке ие. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында тәуелсіздік жылдары еліміздің сәулеттік келбеті көркейіп, қалалар мен ауылдар абаттандырылуда. Сапалы жолдар салынып, инфрақұрылым жақсарып келеді.
Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Киелі Мақтаарал ауданында да құрылысшы мамандығының маңызы зор. Халқы тығыз орналасқандықтан, әлеуметтік нысандарды, атап айтқанда мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау мекемелерінің ғимаратын салу – мұнда үлкен өзекке ие.
Ел экономикасының маңызды саласының өкілі – құрылысшылардың орасан еңбегінің арқасында жаңадан құрылған Мақтаарал ауданында зәулім ғимараттар мен әлеуметтік нысандар бой көтеруде.
Биыл Мақтаарал ауданында 10 миллиард теңгеге жуық қаржыға 11 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 6 мектеп, 2 әкімшілік ғимараты, 2 мәдениет үйі мен кітапхана және 1 спорт сарайы салынуда.
Атап айтқанда, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі Абат ауылында 300 орындық Ж.Нұрлыбаев мектебінің құрылысы, Иіржар ауылдық округі Алаш ауылындағы 300 орындық Жас алаш мектебінің құрылысы, Бірлік ауылдық округі Еркінабад ауылындағы 200 орындық №113 мектеп құрылысы, Иіржар ауылдық округі Азамат ауылындағы 200 орындық Х.Алимжан атындағы мектеп құрылысы, Жаңа жол ауылдық округі Нұрлыжол ауылындағы 200 орындық Нұрлыжол мектебінің құрылысы, Бірлік ауылдық округі Өркениет ауылындағы 200 орындық мектеп құрылыстары қазіргі таңда қарқынды жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Мырзакент кентіндегі Мадиходжаев көшесінің бойынан әкімшілік ғимаратының құрылысы, Мырзакент кенті аумағынан спорт сарайының құрылысы, Мырзакент кенті аумағынан №2 әкімшілік ғимарат құрылысы, Еңбекші ауылдық округі Т.Жайлыбаев ауылы және Жамбыл ауылдық округі Жалын ауылдарынан салынып жатқан мәдениет үйі мен кітапхананың құрылыстары да кестеге сәйкес жүріп жатыр. Мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталғаннан соң тамыз айының соңына дейін Мырзакент кентінде орталық саябақтың құрылысы да басталатын болады.
Жалпы ауданымыздың ажарын ашатын, айбарын асқақтататын келісті келбетінің көркеюіне қосып жатқан үлестеріңіз де көз сүйсінтерлік.
Аудан орталығы болғанына 4 жыл толған Мырзакент кенті күн сайын құлпырып келеді. Кентте ескірген нысандардың барлығы да қайта жаңарып, үлкен құрылыс нысандары бой көтерді. Көшелерінің барлығы дерлік асфальттенді. Ағаштар егіліп, жарқырата жарықшамдар орнатылды. Субұрқақтар атқылап, гүлдер жайқалды. Мырзалардың мекені деп атала бастаған Мырзакент қай жағынан алса да дамып, көркі көз тоймайтын деңгейге жетті. Әрине, ауданымыздың сәулеттік келбетінің қалыптасуында құрылысшылардың ерен еңбегі жатыр.
Алдағы уақытта да өркениетті еліміздің өсіп-өркендеуі жолында, ауданымыздың келісті келбетін қалыптастыруда толағай табыстарға жете берулеріңізге тілектеспін. Бойларыңызға сарқылмас күш-қуат, еңбектеріңізге таусылмас жетістік, отбасыларыңызға ортаймас бақ-ырыс тілеймін!
Ізгі ниетпен,
Мақтаарал ауданының әкімі
Асанов Бақыт Насырханұлы