Мақтааралдық ұстаздарға құрмет көрсетілді

Мақтаарал ауданында ұстаздардың мерекесіне арналған “Ұстазыма мың алғыс!” атты тақырыппен салтанатты кеш өтті.

Іс-шараға аудан әкімі Бақыт Асанов қатысып, білім саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне ыстық ықыласын жеткізіп, құрмет көрсетті.

“Білім ордасы – мектеп жас ұрпақты тәрбиелейтін киелі де қасиетті мекен. Ал, сол мектептің негізгі тірегі – білімді де, білікті ұстаз. Заман талабына сай әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамыту, дүбірлі білім жарыстарында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығару – Сіздердің ерен еңбектеріңіздің жемісі. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше” – деді Бақыт Насырханұлы.

Қоғамның басты байлығы – адам болса, сол “адамның адамшылығы жақсы ұстаздан” деген дана Абайдың сөзін аудан басшысы қоштады. Сондай-ақ, тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан еңбектеріне алғысын білдіріп, бір топ ұстаздарды арнайы алғыс хатымен марапаттады.

Іс-шара барысында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты А.Жолдасов, әжелер кеңесінің төрайымы Ш.Құрбанбаева, облыстық ата-аналар ассоциациясының төрайымы А.Төлбасықызы, аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы М.Оспанов және аудандық мәслихатттың депутаты С.Кенжебаев құттықтау сөзге шықты. Сонымен қатар, ауданның білім бөлімінің басшысы Мұратбек Серікбаев ұстаздарымыздың қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектерін ескере отырып, өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстары және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріне толағай табыстар тіледі.

Салтанатты кеште өнерлері өрге жүзген оқушылар ән айтып, би билеп, ұстаздарға деген ақындық жырларынан шашу шашты. Қалың көрермен дарынды оқушылардың өнерлеріне қошемет көрсетті.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданындағы 56 білім беру ұяларында 4500-ден астам педагог жұмыс істейді.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ