Мақтаарал аудандық сотында дөңгелек үстел ұйымдастырылды
Мақтаарал аудандық сотының ұйымдастыруымен әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге аудандық прокуратура қызметкерлері, Мақтаарал АПБ-нің учаскелік полиция инспекторлары, Мақтаарал ауданының пробация бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Төрағалық етуші судья Е.Сламбеков дөңгелек үстелді ашық деп жариялап, күн тәртібіндегі мәселе бойынша 15.04.2024 ж. мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойғандығын, аталған заң бойынша 15 заңнамалық актіге, оның ішінде 7 кодекске, 8 заңға толықтырулар енгізілгендігін, бұл заң ағымдағы жылдың 16 маусымынан бастап қолданысқа енгізілгендігін айтты.
Төрағалық етуші судья Е.Сламбеков өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңға жеке-жеке тоқталып, ҚК 108-1 және 109-1-баптармен толықтырылғанын, яғни енгізілген екі бап, бұрын әкімшілік құқық бұзушылық болып табылатынын, қазір бұл санат жазасы күшейтіліп қылмыс санатына жатқызылғанын, 108-1-бабының 1-бөлігі бойынша денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру – екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланатынын, осы баптың 2-бөлігінің тармақшаларымен жасалған қылмыс-бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын айтып, сонымен қатар осы кодекстің 109-1-бабының 1-бөлігі бойынша ұрып-соғу тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау –сексен айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не жиырма бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланатынын, осы баптың 2-бөлігінің тармақшаларымен жасалған қылмыс бір жүзден екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүзден екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не отыз тәуліктен елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланатынын атап өтті.
Іс-шара барысында талқыланып отырған мәселелер бойынша дөңгелек үстелге қатысушылар төрағалық етушіге өз сұрақтарын қойып, нақты түрде жауап алып өз пікірлерін білдірді.
Төрағалық етуші дөңгелек үстелді жабық деп жариялады.