Мақта өсіруден бастап киім тігуге дейін: Қарағанды, Шымкент және Түркістан кәсіпкерлері ынтымақтастық жайлы келісім жасасты

 Қарағанды облысының тігін кәсіпорындары елімізді отандық шикізатпен және жоғары сапалы маталармен қамтамасыз етеді. Облыс әкімдігінің қолдауымен Шымкент қаласы мен Түркістан облысының өндірушілерімен өңіраралық консорциум құру туралы шарт жасалды.

Бұл Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін дамытудың жаңа кезеңі үшін бастапқы нүкте болмақ. Қазір Қарағанды облысының тігін кәсіпорындары шикізатты шетелден сатып алуға мәжбүр, дегенмен елімізде өз матамыз өндіріледі. Қазақстанда мақта өсіріледі және қайта өңделеді, тоқыма комбинаттары мен тігін фабрикалары жұмыс істейді, ал іс жүзінде отандық мақтадан тігілген киім жоқ. Бұл мәселені шешу және отандық өндірушіні қолдау үшін Қарағанды облысының әкімдігі жергілікті, сондай-ақ Шымкент және Түркістан кәсіпкерлеріне ынтымақтастық туралы уағдаластық орнатуға көмектесті. Енді Абай фабрикасы Түркістан мақтасынан жасалған AZALA Group Шымкент тоқыма кәсіпорнынан маталарды сатып ала алады. Бұл ретте жергілікті өндіріс ошағы дайын материалды сатып алып қана қоймай, мақта өсіруден бастап, оны қайта өңдеп, маталарды өндіруге дейінгі бүкіл өндіріс процесін тікелей бақылай алады.

Бірінші кезеңде өңіраралық консорциумға Абай тігін фабрикасы, Ютария ltd және “ТАА” ЖШС сияқты тігін кәсіпорындары кіреді. Болашақта бұл тізім толықтырылуы мүмкін.

– Бұл екі өңір үшін ғана емес, жалпы Қазақстан үшін мегасаяси және экономикалық тиімді келісім. Түркістан облысы мақта өсіреді, онда ол екі зауытта өңделеді. Одан әрі Шымкентте екі фабрикада маталар шығарылатын болады, ал қарағандылық тігін кәсіпорындары ірі өнеркәсіптік компанияларды толығымен жұмыс формасымен қамтамасыз ететін болады, – дейді AZALA Group тоқыма комбинатының құрылтайшысы Бауыржан Жамалов. – Бірінші кезеңде жұмыс киімдері тігіледі. Бүгінгі таңда Қарағанды облысының барлық өнеркәсіптік алпауыттары осындай ынтымақтастыққа мүдделі, өйткені әзірге олар жүз пайыз импорттық матаны пайдаланып отыр. Бірақ біздің зауыт бұл тауашаны жабуы мүмкін.

– Дүйсенбіде жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының Теміртаудағы Qarmet корпорациясымен жемісті кездесуі болған еді, ал бүгін Шымкенттегі Қазақстанның ең ірі жеңіл өнеркәсіп AZALA кәсіпорнында “Қазақмыс” корпорациясымен кездесу өтті. “Қазақмыс” және Qarmet корпорациялары бастаған трендтен “Бәйтерек” Ұлттық басқарушы холдингі де, “Самұрық-Қазына” да, министрлік те шетте қалмауы үшін, бұл бастаманы ілгерілету қажет. AZALA тоқыма комбинаты үшін қуаныштымын. AZALA – бұл біздің саланың негізі. Тоқыма комбинатында бәрі жақсы болса, тігін фабрикаларында бәрі жақсы болады, – деп атап өтті Абай тігін фабрикасының басшысы Нұрхан Жұмабеков.

ПІКІР ЖАЗУ