М.Әйтенов: кәріз жүйелерін жүргізуде құрылыс мәдениетін сақтау керек
Қазір қалада 8 елдімекенді кәріз жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Канализациялық құбырлар Мирас-Шапағат-2, Асар-2, Тассай, Тұран, Қайтпас-2, Нұртас, 112 орам, Бозарық елдімекендеріне тартылуда.
Қала әкімі М. Әйтенов Тұран шағынауданының кәріз коллекторының құрылысымен танысып, жұмыс қарқынын қадағалады. Жоба бойынша коллектордың жалпы ұзындығы-20 шақырым. Нысан толық аяқталғанда 131 800 абонент орталықтандырылған жүйе арқылы су бұруға мүмкіндік алады. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың 4-тоқсанында аяқталып, қолданысқа берілетін болады.
М. Дүйсенбекұлы жауаптыларға ең алдымен сапаны назарға алып, аталған кәріз коллекторының құрылысын өндірістік кестеге сәйкес жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ құрылыс мәдениетін сақтай отырып, тұрғындар тарапынан наразылық тудырмай қазылған орындарды дер кезінде қайта қалпына келтіруді ескертті.
Айта кетейік, жыл соңына дейін қалада 6 елді мекенде кәрізбен қамту жұмыстары аяқталып, 60 мыңға жуық адам желіге қосылуға мүмкіндік алады. Осылайша биыл мегаполисте канализациялық желімен қамту көрсеткіші 60% – дан 65% – ға дейін артады. Келесі жылы кәріз құбырларын 12 нысанда жүргізу жоспарлануда. Ал 2025 жылы 10 нысанның құрылысы аяқталып, елдімекендердің 75% -на канализация жүйесі тартылады.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі