Қызылордадағы құрылтайдан не күтеміз? – Азаматхан Әміртай пікірі

Ұлттық құрылтай мүшесі, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев Ұлттық құрылтай аясында көтерілген бастамалар мен олардың нақты нәтижелері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, партия үшін негізгі басымдық – таза ауа, таза су және таза жер мәселесі. Осы бағытта «Байтақ» партиясы экологиялық бюджетке түсетін түсімдерді арттыру мәселесін көтерген.

Біз экологиялық эмиссия үшін төленетін салықты арттыру қажеттігін нақты мәселе ретінде ұсындық. Бұған дейін жер қойнауын пайдаланатын және мұнай саласындағы ірі компаниялар лоббистік тетіктер арқылы экологиялық төлемдерді барынша төмендетіп келген. Бұл мәселені Ұлттық құрылтай алаңында көтердік, депутаттармен және министрлермен талқыладық. Соның нәтижесінде Үкімет экологиялық инвестицияларға қатысты жұмысын күшейтті. Биылдан бастап экологиялық түсімдер бюджетке бұрынғыдан көп көлемде түсе бастайды. Бұл – біздің нақты жұмысымыздың нәтижесі, – деді Әміртаев.

Парламенттік реформа бойынша толық ұсыныс берілді

Сондай-ақ Ұлттық құрылтай мүшесі парламенттік реформа тақырыбына тоқталды.

Біз парламенттік реформаны қолдаймыз. Партия атынан Конституцияға қандай өзгерістер енгізілуі керектігі жөнінде толық редакцияланған ұсыныс дайындап, оны Ұлттық құрылтай барысында көтердік. Бұл – тек жалпы пікір емес, нақты құқықтық құжат, – деді ол.

Салық реформасы күрделі, бірақ қажетті қадам

Азаматхан Әміртаев өткен жылы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында салық реформасы қызу талқыланғанын еске салды.

Көптеген құрылтай мүшелері салықтың өсуіне сын көзбен қарады. Бірақ мемлекет үшін бюджет кірісін арттыру – әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты шарты. Сол себепті бұл мәселе бойынша түрлі пікірлер айтылып, ортақ шешім ізделді, – деді ол.

Құрылтай – азаматтық қоғам мен билікті жалғайтын алаң

Ұлттық құрылтайдың басты ерекшелігі – азаматтық қоғам мен Үкімет арасындағы ашық диалог алаңы екені айтылды.

Құрылтай – елдің әр өңірінен, әр саладан келген азаматтардың қоғамдағы өзекті пікірін жинақтайтын алаң. Бұл жерде көптеген мәселе көтерілді. Соның ішінде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы заңның қабылдануын Ұлттық құрылтайдың нақты нәтижесі деп айтуға болады, – деді Әміртаев.

Қызылордадағы құрылтайдан не күтіледі?

Алдағы Қызылордада өтетін Ұлттық құрылтайға қатысты Әміртаев оның ел болашағын айқындайтын маңызды жиын болатынын атап өтті.

Президент бірнеше жылдан бері саяси реформа туралы айтып келеді. Бір палаталы парламент – Қазақстан үшін маңызды реформа. Қазіргі қос палаталы жүйеде Парламенттің ықпалы әлсіз. Біз «күшті парламент – ықпалды президент – есеп беретін Үкімет» моделін ұсынып отырмыз, – деді ол.

«Байтақ» партиясы бұл ұсынысты әзірлеу барысында Финляндия, Швеция, Қырғызстан, Моңғолия секілді елдердегі жасылдар партияларының тәжірибесін зерттеген.

Біз халықаралық тәжірибені, отандық саясаттанушылар мен сарапшылардың пікірін ескере отырып, Конституцияға енгізілетін өзгерістердің нақты редакциясын ұсындық. Бұл ұсыныстар қазір Мемлекеттік хатшы басқаратын жұмыс тобының қарауында, – деп түйіндеді Ұлттық құрылтай мүшесі.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысын 2026 жылғы 20 қаңтарда Қызылорда қаласында өткізу туралы шешім қабылдады.

BAQ.KZ тілшісі Ұлттық құрылтай мүшелері мен сарапшылардың Бурабайда өткен жиында Президент берген тапсырмалар қалай орындалып жатқаны жайлы ойын білді.