Қызылқұмдағы өзекті мәселелер өз шешімін табуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында және билік пен бұқара арасындағы байланыстың ашықтығын нығайту мақсатында Жетісай ауданының әкімінің міндетін уақытша атқарушы Асан Маханбетов бекітілген кестеге сәйкес Қызылқұм ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді.
Ашық аспан астында өткен жиынға аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Әділбек Сапарбеков пен аудандық мәслихат хатшысы Алихан Утанов, аудандық мәслихат депутаты Қахарбай Исаев пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Абжанов, дербес бөлімдердің жауапты мамандары мен тиісті сала мамандары, округ тұрғындары қатысты.
Басқосуда ауылдық округті сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, ішкі көшелерді орта жөндеуден өткізу, ескірген электр бағаналарын жаңарту бағыттары бойынша жұмыстарды күшейту, өмір сүру сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлу, округтің инфрақұрылымын дамыту мәселелері кеңінен сөз болды. Атқарылған жұмыстар сараланып, өзекті мәселелердің шешу жолдары ұсынылды. Бұған дейінгі кездесулерде айтылған мәселелердің орындалу барысы таныстырылды.
Өткен кездесуде көтерілген мәселелер бойынша Қызыл ту елді мекені аумағындағы егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз ететін К-30-31 каналын бетондау бойынша каналдың құрылысы 2012 жылы басталған болатын. Алайда, құрылыс жұмыстары сапасыз жүргендіктен бүгінгі күні су жүйесіі жарамсыз жағдайда. 2021 жылы су ресурстар комитеті бас мердігер «Кернеу Лимитед» ЖШС-сы мен бірыңғай келісім шартты бұзған. Су ресурстары комитетінің мәліметіне сәйкес енді К-30 каналын және тармақтарымен қалған жұмыстарын «Қазсушар» өз күшімен жүргізетін болатын. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталуы жоспарлануда.
Одан бөлек, Қызылқұм елді мекенінің Күлтегін көшесі мен Еңбекші елді мекенінің Жаңақоныс көшесінің электр желілері мен жарықтандыру жұмыстарын жүргізу үшін ауылдық округ әкімдігі тарапынан сметалық құжаттамалары жасақталуда. Сметалық құжаттамасы әзірленген соң 2023 жылға бюджеттен қаржы бөлдіруге ұсынылатын болады.
Сондай-ақ, ауылдық округ тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. 2022 жылға Қызылқұм ауылдық округінің Қызылқұм, Ақтөбе елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстарына 10,0 млн. теңге бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сметалық құны 869 744,0 мың теңге. Нысан 2023 жылға өтпелі. Сонымен қатар, Мақталы, Киров, Көбек, Қосқұдық, Қызылту, Первомайское, Алғабас, Қарасақал, Жалпаққұм, Түркебай сынды 10 елді мекенге ЖСҚ құжаттамалары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынып, құрылысына қаржы бөлдіруге салалық басқармаға ұсынылған. Қалған 6 елді мекеннің ЖСҚ-сы әзірленуде. Жобаға сараптама қорытындысы алынған соң, құрылысына қаржы бөлуге ұсынылатын болады.
Қызылқұм елді мекені бойынша жалпы ұзындығы 11,25 шақырымды құрайтын Маметов, Молдағұлова, Д.Мамбеталиев, Жамбыл, Рысқұлбеков, Б.Майлин, Момышұлы, Күлтегін, Мамрасилов, Тұйық, Нұрбаев, Қызылқұм, Үрпек сынды 13 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша қаржыландыруға ұсынылған. Аудандық маңызы бар KXJS-11 Көбек елді мекеніне кіре беріс автомобиль жолына және Ақбұлақ елді мекендеріне кіре беріс жолға жөндеу жұмыстарына сметалық құжаттамалары жасақталуда. Сметалық құжаттамасы жасақталып қаржы көлемі анықталғаннан соң, аудандық бюджеттік комиссияға қаржыландыруға ұсынылады.
Ашық жүздесуде тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауаптар беріліп, аудан басшысының міндетін атқарушы Асан Жақыпбекұлы тұрғындар тарапынан айтылған өтініштер бойынша сала мамандары мен бөлім басшыларына тиісті жұмыстар жүргізу керектігі жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі