Қызыл Крест ұйымының Еленовкадағы абақтыға баруына әзірге рұқсат берілмеген

 Халықаралық Қызыл крест ұйымы сепаратистік “ДХР” бақылауындағы Еленовка колониясына баруға әзірге ресми рұқсат берілмегенін хабарлады. Жексенбі күні Ресей қорғаныс министрлігі Мәскеудің БҰҰ мен Қызыл крест ұйымы сарапшыларын шақырып, Украинаның ондаған әскери тұтқыны өлген Еленовка абақтысындағы жарылысты тексеруге рұқсат бергенін хабарлаған.

 Би-би-сидің Орыс қызметі бұған дейін Киевтің абақтыға аталған ұйым өкілдерін жіберуді талап еткенін айтқан. БҰҰ мен Қызыл крест ұйымы Еленовкаға өкілдерін жіберуге дайын екенін мәлімдеген. Қызыл крест ұйымы 31 шілдеде таратқан мәлімдемесінде, Еленовка абақтысына жасалған шабуылды айыптап, бүкпесіз зерттеуге шақырған.

 “Әскери тұтқындарға не болғаны жайлы барлық ақпаратты олардың жақын туыстары дереу алуға тиіс. Бұған екі тарап та күш салуы керек”, – дейді комитет мәтінінде. Бұл ұйым қазіргі негізі міндеті “жаралыларға ем-дом көрсетуге мүмкіндік туғызу және өлгендердің денесін қорлауға жол бермеу” деп көрсеткен. Киев пен Мәскеу Еленовка абақтысын зымыранмен атты деп бір-бірін айыптаған.

 Абақтыға шабуыл 29 шілдеде, түнде мәлім болған. Ол туралы әзірге тәуелсіз ақпарат жоқ. Ресей мемлекеттік БАҚ-тары мен Reuters журналистері қираған ғимаратты Еленовка абақтысы деп көрсеткен. Кадрда адамдардың күйген, шашылып кеткен денелері көрінеді. Ресей билігі мен сепаратистердің мәліметіне қарағанда, зымыран соққысынан 53 әскери тұтқын өліп, 75-і жараланған. 30 шілдеде Ресей қорғаныс министрлігі зымыран соққысынан өлген 48 жауынгердің аты-жөнін жариялаған. Мәскеу Украина жоғары дәлдікпен дүркіндетіп ататын HIMARS зымыран жүйесімен атты санайды. Украина бұл айыптауды теріске шығарып, жауапкершілікті Ресей мен сепаратистерге жүктеген. “Олар Украина тұтқындарын азаптап өлтіргенін білдірмеу үшін өздері жасап отыр” деп мәлімдеген. Кейбір БАҚ-тарда Еленовкаға зымыран шабуылы жасалмағаны, тұтқындар отырған ғимаратта жарылыс болғаны туралы нұсқалар жарияланған.

ПІКІР ЖАЗУ