Қытайлық ауыл шаруашылық технологиялары енгізіледі

Түркістан облысында мақта өсіру үшін қытайлық ауыл шаруашылық технологиялары енгізілмек. Автоматтандырылған заманауи технология мақта егу және теру жұмысын өзі атқарады. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды қытайлық инвесторлармен кездесті. Тараптар мақта егуге арналған жер бөлу мәселесін талқылады. 

Облыста мақта өсіру мақсатында қытайлық ауыл шаруашылық технологиялары енгізіледі. Автоматтаты технология мақтаны егіп, теруді өзі атқарады. Бірегей жобаны облыстың оңтүстік аудандарында іске асыруды көздеген қытайлық инвесторлар мақта сапасы мен көлемі едәуір артады деген болжам жасауда. Бұл мақсатта тамшылатып суару құрылғылары орнатылады. Жоба құны – 46 миллион АҚШ доллары.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Біз шыны керек Қытай және Өзбекстан тәжірибелерін қарап жүрміз. Жақын арада мен 5 аудан әкімін Қытайға және Өзбекстанға жібердім. Сол жерде тәжірибелерді көріп қандай тірлік істеп жатыр, сол тірліктерді біз де істейік деп. Сондай тәжірибе алмасып жүрміз».

Қытайлық компания облыс аумағында былғары өңдеу және ірі қара мал қалдықтарынан желатин өндіретін зауыт салуға да ниетті. Бизнес-жоспардың құны – 10 млн. АҚШ долларын құрайды. Шетелдік инвесторлар индустриалды аймақта жұмыс істеуге дайын.

Цзи Цюхай, инвестор: «Бұл жерде біз екі компания бірігіп, осы арнайы егіншілікке, ауыл шаруашылығына байланысты су тамызу арқылы суару жобасын жаңа түрде жаңа техникада алып келуді жоспарлаудамыз».

Жиында облыс әкімі өңірдің ерекшеліктеріне тоқталып, жақында болған Қытай сапары нәтижесінде жүзеге асатын бірлескен жобалар туралы айтып өтті. Сондай-ақ, тараптар инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын талқылады. Облыс басшысы Түркістан өңірінде жүзеге асып жатқан ауқымды жобаларға да тоқталды.

ПІКІР ЖАЗУ