Қытайда COVID-19 вирусы өршуі ықтимал
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекелері кезінде COVID-19 вирусына шалдығу оқиғаларының көбеюі болжанып отыр.
Бұл туралы брифинг барысында ҚХР Ауруларды бақылау және алдын алу жөніндегі мемлекеттік басқарма өкілі Лэй Чжэнлун мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Оның айтуынша, алдағы Көктем мерекесі (Чуньцзе, Ай күнтізбесі бойыша жаңа жылы) кезінде адамдардың көп жүруін ескере отырып, коронавирусқа шалдыққандар саны артуы мүмкін деп болжануда.
Оның айтуынша, 2023 жылдың қысы басталғалы Қытайда бір мезгілде бірнеше патоген және жедел респираторлық аурулар жиілігінің алма-кезек айналымы байқалды.
Қазіргі уақытта елде тұмау эпидемиясы өршіп тұр, ал COVID-19 вирусына шалдығу көрсеткіші төмен. Бұл ретте коронавирустың XBB штамы басым болып отыр. Дегенмен, елде JN.1 штамын жұқтыру жағдайларының көбеюі байқалады.
Лэй Чжэнлуннің атап өтуінше, елдің денсаулық сақтау органдары шекара бекеттерінде бақылауды күшейтіп, халықтың осал топтарын COVID-19-ға қарсы вакцина егеді.
ҚХР Көлік министрлігінің мәліметінше, «чуньюнь кезеңінде (қытай халқының көктемгі мерекеге дейінгі, соның кезінде және одан кейінгі маусымдық көші-қон уақыты) Қытайда 9 млрд сапар жасалады.
2024 жылы «чуньюнь» кезеңі 26 қаңтарда басталып, 5 наурызда аяқталады.
Қытайдың дәстүрлі Жаңа жылы 10 ақпанда басталады. Ал Көктем мерекесі 10 ақпаннан 17 ақпанға дейін жалғасады.