Қытай ғалымдары болжаған жер сілкінісі: елімізге әсері бола ма?

 Қытай ғалымдарының жақын арада жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін деген болжамы таралған еді. Осы ретте сейсмологиялық бақылау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы жер сілкінісі бізде де болуы мүмкін деген ақпаратқа жауап берді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.


Пекиндегі жер сілкінісін зерттеу агенттігінің ғалымдары Чжу Хунбин басқарған топ, жер сілкіністерінің қайталанатын циклдеріне назар аударған. Ғалымдардың айтуынша, 8 баллдан жоғары жойқын жер сілкіністері шамамен әр 30-40 жыл сайын қайталануы мүмкін. Осыған сүйене отырып, олар жаңа циклдің басталуы мүмкін деген болжам жасаған.

Бұл мәлімдемеге сейсмологиялық бақылау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы былай деп үн қатты.

Бұл зерттеу Қазақстанға қатысты емес. Зерттеу Қытайдың Сычуань және Юньнань аймақтарын, сондай-ақ Лунмэньшань жарылымы маңындағы аудандарды қамтыған. Бұл аймақтар Қазақстаннан мыңдаған шақырым қашықтықта орналасқан. Сонымен қатар, зерттеу шығыс Гималай өңірлерін де қамтуы мүмкін, бірақ ол да Қазақстаннан алыс және басқа сейсмикалық аймаққа жатады. Қытай ғалымдарының зерттеуі тек ғылыми болжам ретінде қарастырылуы керек. Бұл нақты жер сілкінісінің уақытын немесе орнын анықтайтын нақты болжам емес. Сондықтан “Қытай ғалымдары 8 баллдан жоғары жер сілкінісін болжады” деген ақпарат шындыққа жанаспайды және қате түсінік туғызады,- деді сейсмологиялық бақылау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы.

Орталықтың айтуынша, Қытайдағы жер сілкінісі Қазақстанға әсер етпейді.

Жоғарыда аталған зерттеу қамтыған аймақтар Қазақстаннан тым алыста орналасқан. Сол себепті, Қытайдағы ықтимал жер сілкінісі Қазақстанның Алматы немесе шекаралас аймақтарына ешқандай әсер етпейді. Қазақстан Республикасының Сейсмология институты азаматтарды мұндай ақпараттарға сын көзбен қарауға шақырады. Әсіресе, әлеуметтік желілер мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында тараған жалған немесе асыра сілтенген ақпараттарға сенбеу қажет. Ғылыми зерттеулер негізінде жасалған болжамдар паника тудыру үшін емес, керісінше, дайындық шараларын күшейту үшін жасалады,- деді орталық.

 

ПІКІР ЖАЗУ