Қырғызстан шекарашылары Қазақстаннан 80 сиырды заңсыз айдап шыққандарды ұстаған

 Қырғызстан шекарашылары Қазақстаннан 80 сиырды заңсыз айдап келе жатқандарды ұстаған. Бұл жөнінде Қырғызстан мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі хабарлаған. Бұл ақпаратқа қарағанда, қырғыз шекарашылары Өзбекстанға заңсыз мал айдаушыларды да қолға түсірген. “24 шілдеде Жалалабад облысының Ақсый ауданында шекара жасағы Қырғызстаннан Өзбекстанға 35 сиырды заңсыз айдап өтпек болған үш адамды ұстаған. Одан кейін Талас облысы Талас ауданының Тегерек-Саз деген жерінде Қазақстаннан Қырғызстанға 80 сиырды заңсыз айдап бара жатқандар ұсталған” деп жазады Азаттықтың Қырғыз редакциясы. Қырғызстан шекара қызметі ұсталған азаматтар мен малды құзырлы органдарға табыстаған.

 Өткен жылдың соңында Қырғызстанның министрлер кабинеті азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мақсатында Қырғызстаннан мал шығаруға тыйым салған. Арада бір апта өткен соң Қырғызстан ауыл шаруашылығы министрі Тілек Тоқтағазиев контрабанда күрт күшейгенін мәлімдеген. “Еліміздің оңтүстігінде малды контрабандалық жолмен сыртқа шығара бастағаны туралы ақпарат көп түсіп жатыр. Бір күнде 1 мың сиырды шетелге шығарып жатыр” деп мәлімдеген.

 Қырғызстаның шекара қызметі мұны “популистік мәлімдеме” деп, шекара аймағындағы халыққа түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілетінін алға тартқан.

ПІКІР ЖАЗУ