Қырғызстан премьері жылу электр орталығындағы жағдай бойынша бірқатар тапсырма берді
ҚЫРҒЫЗСТАН. KAZINFORM – Қырғызстан Министрлер Кабинетінің Төрағасы – Қырғыз Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров Бішкек жылу электр орталығында жедел штабтың отырысын өткізіп, онда қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысып, бірқатар тапсырма берді.
Отырыстың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға келесі тапсырмалар берілді:
– Қырғыз Республикасының Энергетика министрлігіне Бішкек қаласының әкімдігімен бірлесіп, жедел штабты басқару және сағат 17:00-ге қарай оқиғаның себептері туралы барлық ақпаратты, қалалық ЖЭО-ның толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін алдағы іс-шаралар жоспарын ұсыну;
– Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі мен Сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мемлекеттік агенттігіне ЖЭО-ның зақымданған нысандарын қалпына келтіру жұмыстарын бастау;
– Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне ЖЭО-да зардап шеккен жұмысшыларға қажетті көмек көрсетуді ерекше бақылауға алу;
– Қырғыз Республикасының Қаржы министрлігіне қалпына келтіру жұмыстарына қажетті қаражатты жедел түрде бөлу.
Министрлер кабинеті басшысының атап өтуінше, қазіргі кезде негізгі міндет – қала тұрғындарының үйлеріне жылу беру және осыған ұқсас жағдайлардың қайталануына жол бермеу.
Еске сала кетсек, бүгін түнде Бішкектегі жылу орталықтарының бірінде апат болды.
Министрлер Кабинетінің Төрағасы – Қырғыз Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров Алматыға жұмыс сапарын тоқтатып, жедел штабтың отырысы өтіп жатқан Бішкекке оралды.
Қырғызстан Республикасы ТЖМ мәліметінше, апаттың шығу себебінің екі нұсқасы қарастырылып жатыр. Оның бірі – диверсиядан болуы мүмкін, екіншісі – техногендік жағдай.
Апат салдарынан 5 адам зардап шекті, олар ауруханада жатыр. Қалалық ЖЭО аймағында төтенше жағдай жарияланды.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров түнде апат болған Бішкек жылу электр орталығындағы қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.