Қырғыз азаматы Қазақстанға 23 келі есірткі алып өтпекші болды
“Кең-Бұлұн” бақылау-өткізу пунктінің шекарашылары Қырғызстаннан Қазақстанға 23,5 келі есірткі алып өту әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Zakon.kz.
24kg мәліметінше, “Кең-Бұлұн” БӨП-не 38 жастағы қырғыз азаматы тізгіндеген DAF XF510 автокөлігі келіп тоқтады. Жүк көлігінің тіркемесін тексеру кезінде қызметтік ит белгі беріп, шекарашылар тінту жүргізді.
Тіркеменің алдыңғы бөлігіндегі еден қаптамасы ашылып, солидолға малынып, фольгамен оралған 24 брикеті бар екі орама табылды. Олардың ішінен белгілі бір иісі бар қоңыр зат шықты. Алдын ала ақпарат бойынша, бұл — ауған чарсы. Есірткінің жалпы салмағы 23,5 келіні құрады.