Құттықтау

Құрметті ардагер ағалар!

Қадірлі әже-аналар!

 

1 қазан күні – қалыптасқан дәстүр бойынша бүкіл әлемде Халықаралық Қарт адамдар күні атап өтіледі. Сондықтан осындай мерейлі мерекемен Сіздерді шын жүректен құттықтаймын!

Сіздер әлемге өрелі биікке ұмтылған іргелі ел ретінде танылған тәуелсіз мемлекетімізді нығайтуға ат салысып, ерен еңбектеріңізбен үлес қоса отырып, ел Президенті Қ.Тоқаевтың тың реформаларын жүзеге асыруға және жаңа Қазақстан құру жолындағы бастамаларына қолдау көрсетіп келесіздер. Аға ұрпақ өкілдерінің даналығы мен кемеңгерлігі ел жастары үшін айрықша маңызға ие.

Сіздер сабырлық, қарапайымдылық қасиеттеріңізбен біздерді мейірімділік пен еңбексүйгіштікке, Отанға, отбасына деген адалдыққа және абыройлы болуға тәрбиелеп келесіздер.

Зейнеткерлер мен ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсету, үлкендерді құрметтеу-мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екені баршаңызға аян. Бүгінгі таңда ауданда 11058 қария болса, оның ішінде 100 жастан асқан 3 қария, 90 жастан асқан 95 қария бар.

Өңірде аға ұрпақ өкілдерінің әлеуметтік жағдайларын жақсарту мақсатында көп жұмыстар атқарылып, Сіздердің экономикалық, қоғамдық, мәдени, рухани өмірге белсене араласуларыңызға қолайлы жағдай туғызылуда. Осы ретте, әлеуметтік жағынан аз қамтылған қарт адамдар, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектер мүддесі, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету мәселелері басты назарда ұсталып келеді.

Өздеріңізге мәлім биыл еліміз Тәуелсіздіктің 31 жылдығына қадам басты. Еліміз 31 жылда талай-талай белестерді бағындырды. Еліміздің оның ішінде ауданымыздың дамуы мен көркеюуіне Сіздердің қосқан үлестеріңіз ұшан теңіз.

Осы бір жүрек тебірентерлік жарқын мереке адамдарды Сіздердің алдарыңызда мәңгі қарыздар екендігімізді тағы бір есімізге салғандай болады. Бүкіл саналы ғұмырын, қажыр-қайратын ел игілігіне, ұрпақ тәрбиесіне жұмсаған аға ұрпақ өкілдерінің алдында бас иеміз.

Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ өмір, көтеріңкі көңіл-күй, бейбітшілік, ынтымақ пен береке, жақын туыстарыңыздың сый-құрметі мен қамқорлығын тілеймін. Сіздер бар құрметке лайықтысыздар!

Құрметпен, Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт

ПІКІР ЖАЗУ