Құрылыс нысанында орын алған кемшіліктерді жоюды тапсырды

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың Аққұм ауылдық округіндегі іс-сапары Жаңаұйым ауылынан басталды. Алдымен Жаңаұйым ауылына кіретін қақпа айналасын абаттандыру, жарық, тратуар, лоток, асфальт төсеу, көпір мәселесімен танысты. Айта кетерлігі, ауылға кіретін қақпа 2021 жылы тұрғызылған. Абаттандыру жұмыстары бойынша жоба сметалық құжаттарын жасау алдағы күннің еншісінде. Осы елді мекенге тұрғындар сұранасымен ФАП құрылысын жүргізу жоспарланған. Жаңа ғимарат салуға 20 соттық жер беріліп, мемлекеттік актісі дайындалды. Аудан басшысы ауыл жастарының бос уақытында спортпен шұғылдануына жол ашу мақсатында стадион ашу идеясын қолдады.
Момынай ауылы Ақтас көшесінің жоғарғы жағындағы 28 үйдің ауыз су жетіспеуі және ағын су мәселесіне көңіл бөлді. Ауыл басындағы тұрғын үйлерге су құбыры 2011 жылдары пайдалануға берілген. Бұлақ басындағы каптаждардан мәселе туындағандықтан, жаңбыр жауған кезде ауыз су лайқаланып ағады. Осыған байланысты, бұлақ басындағы каптаждарды қайта жөндеу керектігі айтылды.
Аққұм елді мекені Ащы көшесінің жолы мен тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру мәселесіне келер болсақ, ағымдағы жылы жол салуға қаржы қаралған. Осы елді мекендегі Қапал Батыр көшесіндегі жолды тегістеуге жоба сметалық құжаттары дайындалып, құрылысты жүргізуге қаржы қарастырылды. Сонымен қатар Қ.Тыныбеков атындағы жалпы орта мектебінің спорт залының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы іс-сапар барысында құрылыс нысанында орын алған кемшіліктерді жоюды, оның сапасына назар аударуды тапсырды. Бұл орайда, сала басшыларына жұмыстардың жоспарға сай атқарылуын қадағалап, межелі жұмыстар жыл соңына дейін аяқталу қажеттігін ескертті.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ