Құрметті зейнет демалысына шығуымен құттықтаймыз!

ҚР ішкі істер саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен қызметкеріміздің бірегейі, ел ағасы бола білген Алмасхан Тастанбеков зейнет жасына жетті. Полиция полковнигі өзінің еңбек жолдарында еліміздің құқықтық тәртібін нығайту, қылмыстың алдын алу, нөлдік төзімділік, әкімшілік құқық бұзушылықтармен күресу ісіне ерен еңбек сіңірді.

30 жылға тарта уақытын қиын да күрделі салаға арнаған Алмасхан Тастанбеков, 1971 жылғы 10 қазанда Сарыағаш ауданында қызметкер отбасында дүниеге келген. 1978-1988 жылдар аралығында Сарыағаш қаласындағы №1 М.Әуезов атындағы орта мектепте білім алған. 1988-1993 жылдар аралығында Ташкент мемлекеттік университетінің химия факультетінде оқып тамамдаған. Екінші мамандығы-заңгер. Яғни Алмасхан Тастанбеков Алматыдағы «Экономика және құқық» институтының «Заңгер» мамандығын өндірістен қол үзбей жүріп бітірген. Ішкі істер органдарындағы қызметі 1996 жылдан басталған.

Сынаптай сырғыған осынау жылдар ішінде жоғарғы орындар сенім білдірген талай қызметті атқарған. Атап айтсақ, 1996 жылы Жетісайдағы транспорттағы желілік полицей бөлімінің кезекші-инспекторы болған. Сарыағаштағы Жастар ісі жөніндегі кәмелет жасына толмағандар бойынша аға инспекторы, әкімшілік қызметтің аға инспекторы, содан кейін Арыс қаласындағы патрульдік полиция тобының аға инспекторы, қоғамдық қауіпсіздік бөлімі бастығы, осы қаладағы транспорт желісіндегі штаб бастығы, желілік полиция бастығының орынбасары, бастығы лауазымдарына дейін көтерілген. 2002-2011 жылдары Оңтүстік Қазақстан қалалық, облыстық басқармаларында, Қоғамдық қауіпсіздік басқармасында, әкімшілік қызметті бағалайтын ұйымдастыру-сараптау бөлімінің аға инспекторы, бөлім бастығы қызметтеріне жоғарылаған. 2011 жылдың мамыр айынан бастап, озық тәжірибені енгізу тобының аға инспекторы, 2018 жылдың қыркүйегінен жаңадан ашылған облыс орталығы, қасиетті Түркістан қаласына келіп, жаңа облыстың Әкімшілік полиция басқармасының бастығы қызметін атқарған.

Атқарған жұмыстары үшін 2019 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік награда- «Ерлігі үшін» медалімен, 2020 жылы облыс аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге үлес қосқаны үшін облыс әкімінің – «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен наградталған. Ішкі істер министрлігінің «Қоғамдық тәртіп үздігі» медалімен, құрмет грамоталарымен марапатталған. 2023 жылғы қазан айында «Сарыағаш ауданының құрметті азаматы» атағын алған.

Жанұсында 3 қыз 1 ұл тәрбиелеп отыр. Барлық ұл-қыздары жоғары білімді.

Иә, ішкі істер саласы қиын да, күрделі қызмет. Сол қиындығынан да болар, бұл жолда полиция қызметкерлері денсаулығын сарп етіп, өмірін де қиып жатады. Қиындығына шыдамай, зейнет жасына жетпей жұмыстан шығып кететіндері де қаншама.

Десе де бүгінгі кейіпкеріміз осы саланың ыстығы мен суығына көніп, өзіндік орнын қалдырған білікті басшы. Сіздің алдағы зейнеткерлік демалысыңызға сәттілік, отбасыңызға амандық тілейміз.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ