Күре жолдағы 95 көлік соқтығысы. Қылмыстық іс қозғалды

 95 көлік соқтығысқан ірі жол апаты неден болды? BAQ.KZ тілшісі жол-көлік оқиғасына шолу жасады. Еске салайық, 3 қаңтарда Ақмола облысындағы тасжолда күн райының қолайсыздығы салдарынан бір мезетте 95 көлік соқтығысты. Апат Жаңаталап ауылы маңында болған.

Көлік апатынынан барлығы  86 адам құтқарылған. Ақмола облысы, Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Нұрлан Хажымұратовтың сөзінше, 3 адам ауыр жарақат алған. Ауыр соққыдан азаматтардың миы шайқалған және мұрын мен жамбас сүйегі сынған.

Жол-көлік оқиғасы кезінде 71 адам Алтынды және Жанаталап ауылдарының орталық ауруханасына эвакуацияланды. Олардың арасында 14 бала бар. 12 адам Бұланды ауданының ауруханасына алғашқы медициналық көмекке жүгінді. 3 адам ауруханаға жатқызылды. Қазір Бұланды ауданының хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр, – дейді Облыстық төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Нұрлан Хажымұратов. Құтқару жұмыстары кезінде 152 адам және 68 бірлік техника жұмылдырылды Ақмола облысы ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Серік Әбутәліпов апаттың неден болғанын айтты.

Көлік апаттары 3 қаңтар, күндіз сағат 13:28 кеткен кезде болды. Сол күні таңғы 7:00-де күн райының қолайсыздығына байланысты Астана-Щучье жолы жабылған еді. Кейін “ҚазАвтожолдың” шешімімен 12:00-лерге қарай жол қайта ашылды. Ішкі істер министрлігі ол уақытта көліктерді ілеспе алып жүру жұмыстарын жүргізді. Кейбір автокөлік иелерінің арақашықтық сақтамауының салдарынан аталған жол-көлік оқиғасы болды, – деді Серік Әбутәліпов.

Әбутәліпов тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтады. Бүгінде тергеу тобы құрылып үлгерген. Қандай баптар бойынша іс қозғалды?

Жүргізушілердің арақашықтықты және жылдамдық режимін сақтамауына байланысты, ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 1-бөлігі (“Жол қозғалысы ережелерін бұзу, абайсызда орташа ауырлықтағы зиян келтіру”) және 353-бабы 1-бөлігі (“Көлік саласындағы қолданыстағы ережелерді бұзу”) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – деп жауап берді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі. Тергеу барысында жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы анықталады. Тергеу әрекеттері жалғасуда.

Біздің статистикамыз бойынша Астана-Щучье жолында автоматтандырылған жүйеде жылдамдықты сақтамаған 838 көлік иесі тіркелді. Екі автокөлік иесі ілеспе жүру кезінде ережені сақтамай, әкімшілік жазаға тартылды, – дейді Серік Әбутәліпов. Күн райы бұзылған кезде нені ескеру қажет? Әбутәліпов ілеспе жүру кезінде жылдамдықты 40-тан асырмауға шақырды.

Астана – Щучье бағыты – бірінші дәрежедегі магистральді жол. Ол жердің жылдамдығын 140-тан азайта алмаймыз. Сондықтан автокөлік иелері жеке тәртібін күшейтуге тиіс. Боран мен көктайғақ кезінде алыс жолға шықпай, ауа-райының жақсарғанын күту керек. Ілесіп жүру кезінде полиция қызметкерлерінің талаптарына баса назар аударған жөн. Кейбір көліктер ілеспе жүріп келе жатқанда асығыс, алға ұмтылып, салдарынан жол апаты болып жатады. Ілеспе алып жүру кезінде жылдамдықты 40-тан асырмау керек, – дейді ол.

Елімізде 4 күнде 200-ге жуық адам құтқарылды

Жыл басталғалы Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқару бөлімшелері 199 адамды құтқарылды. Оның ішінде 27 бала бар. Қар құрсауынан 22 техника шығарылды. Жылыту пунктеріне 270 адам жеткізілді. Жалпы елімізде 1 548 жылу пункті бар.

Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Дидар Қажыкенов қыста жолда қалып қойған кезде не ескеру керегін түсіндірді.

Жолға шығар кезде ауа-райын қарап отыру керек. Ал егер жолға шығып кетсеңіз, жолдың бойындағы жылыту пунктерінде және жақын ғимараттарда күтуіңіз қажет. Қыста жолға шықпай тұрып көліктің техникалық тұрғыда жарамдылығын тексеру керек. Майын ауыстыру сияқты шаралардың бәрін кез келген жүргізуші білуі керек. Одан кейін машинеде міндетті түрде майшам және басқа да жылыту құралдары болу қажет. Тұрмыстық жағдайда қолданылатын кез келген жылыту құралы жарамды. Бірінші кезекте азық-түлік пен ауызсу болғаны дұрыс, – дейді Дидар Қажыкенов.

ПІКІР ЖАЗУ