«Күміс жас» жобасы аясында 15 мыңнан аса адам жұмысқа орналастырылды

 Жыл басынан бері «Күміс жас» жобасы аясында 15 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2024 жылғы 26 маусымдағы жағдай бойынша «Күміс жас» жобасы бойынша 15,6 мың адам жұмысқа орналастырылды. 2024 жылы осы бағыт бойынша барлығы 19 060 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

«Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналасқандардың ең көп саны келесі облыстарда байқалады: Түркістан – 2,3 мың адам, Жамбыл – 1,5 мың адам, Қарағанды – 1,1 мың адам, Алматы – 1,1 мың адам. Жобаға қатысушылар арасында әйелдердің үлесі 54,8% немесе 8,6 мың адамды, ауыл тұрғындарының үлесі – 9,3 мың адамды немесе 59,8% құрайды.

Бұл жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар зейнеткерлік жасқа толғанға дейін қатыса алады. Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.

«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа толмаған адамды кемінде 1 жыл мерзімге тұрақты жұмыс орнына, сондай-ақ зейнеталды жастағы адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмысқа орналастыруға міндетті.

Республика бойынша орташа жалақы мөлшері 136,2 мың теңгені құрады, ең жоғары көрсеткіштерді Шығыс Қазақстан (200,3 мың теңге), Қызылорда (180 мың теңге) облыстары мен Астана қаласы (177,7 мың теңге) көрсетсе, ең төменгі көрсеткіш Батыс Қазақстан облысы (100 мың теңге) мен Алматы қаласына (98,8 мың теңгеден) тиесілі.

«Күміс жас» жобасын қаржыландыруды еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушінің жоба аясында жұмысқа орналастырылған жұмыссыздарға еңбекақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидиялар беру жолымен жүзеге асырады. Субсидиялар мөлшері: жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың екінші жылында жалақы мөлшерінің 65%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың үшінші жылында жалақы мөлшерінің 60%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын) құрайды.

Көптеген қазақстандықтар жоба туралы оң пікір білдіруде. Солардың бірі Роза Танжикова 57 жасында өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасты.

Өткен жылы жұмыс іздеп Өскемен қаласының Мансап орталығына жүгіндім. Орталық қызметкерлерінің көмегімен мен жұмыссыз адам ретінде тіркеліп, «Күміс жас» жобасы бойынша берілген жолдама арқылы «ЕР-ДЕНТ» ЖШС әңгімелесуден өттім. Мен қазір осы ұйымда тіс дәрігері болып жұмыс істеймін және өз жұмысыма өте ризамын, – деп бөлісті Танжикова.

Шығыс Қазақстан облысында 2024 жылы «Күміс жас» жобасы бойынша 869 адамды жұмысқа орналастыру жоспарда бар.

ПІКІР ЖАЗУ