Құқық қорғау органы өкілдері мектеп оқушыларымен кездесті
Құқықтық мемлекет құрамыз деген заманда әрбір адам өз құқықтарын жете біліп,жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны дұрыс. Заңды аттамай, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді. Сондықтан заңды білу – заман талабы.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, лудомания, суицид пен кибербуллингтің алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу және ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі жалпы қоғамның мәселесі. Бұл мәселе қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Осы мәселердің аудан көлемінде орын алмауы мен алдын алу мақсатында аудан прокуратурасы мен полиция бөлімі, аудан әкімдігінің жауапты өкілдері аудан аумағындағы ірі білім беру ошақтарында мектеп оқушыларымен кездесу өткізді.
Аудан прокуратурасының прокуроры Ұ.Ханходжаев балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың салдары мен жауаптылығын, суицид пен кибербуллингке қатысты ақпараттармен бөлісіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы А.Көпбосын мектеп оқушыларына электрлі көліктер, мопед және автокөлікті басқару, түнгі мезгілде заңды өкілінсіз жүру, синтетикалық есірткі заттарын қолдану және тасымалдау сияқты өзекті мәселелерді қозғап, заң аясында қолданылатын қылмыстық жауапкершіліктерді түсіндірді.
Сонымен қатар жиын барысында мектеп оқушылары құқық қорғау саласына қатысты өзекті сауалдар қойып, пікір алмасты.