Құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша ауданда жиын өтті
Мақтаарал аудандық полиция бөлімі, әкімдік бастамасымен, прокуратура және жастар арасындағы ресурстық орталығымен бірлесіп, құқықбұзушылықтың алдын-алу бойынша жиын болып өтті.
Аталған жиынға аудан әкімі міндетін уақытша атқарушы Бейсенбай Төребеков, полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Қасымхан Сатыбалдиев, прокуратура өкілдері, ауыл әкімдері, ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауыл билері, ішкі саясат бөлімі, жастар ресурстық орталығы мен білім бөлімі және ауыл әкімдерінің жанындағы құрылған қоғамдық кеңес мүшелері мен 100-ге жуық студент қатысты.
Жиында сөз алған аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Б. Тасболатұлы ашып, Талғар ауданындағы орын алған оқиғаның мән-жайын түсіндірді.
Сондай-ақ полиция подполковнигі Қасымхан Өмешұлы орын алған келеңсіз жәйтке қатысты дайындаған баяндамасын оқып, онда жастардың оқуға, адал еңбекке ынта қоймай, бос уақыттарын көбінесе әлеуметтік желіде отыруға, құмар ойындарға, ішімдікке, арты заң бұзушылықтарға айналып жатқанына тоқталып, аудан жастарына есірткі, темекі және алкоголь секілді жат қылықтардан аулақ болуға шақырды.
Қоғамдық-саяси ахуалдың сараланған мәжілісінде, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстардың сапасы мен тиімділігі жөнінде бірқатар маңызды мәселелер де көтерілді. Жиын соңында қоғамдық орындарда қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екендігі сөз етілді. Ол бойынша мекеме басшылары, заң аясында тиісті жұмыстарды жүргізу үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі