Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Түркістан облысында ауқымды кездесулер өтуде

Түркістан облысы ПД қызметкерлері жастар арасында қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында облысқа қарасты әр аумақта кездесулер өткізуде.

Облыста жарияланған “профилактика жылы” аясында 17 аудандағы полиция бөлімдерінің бастықтары құзыретті органдармен бірлесіп жастармен, ақсақалдармен, жергілікті тұрғындармен, мектеп ұжымдарымен, ата-аналармен және ойын-сауық мекемелерінің иелерімен кездесуде.

Бірінші кездесу Ордабасы ауданында өтті. Оған 400-ге жуық жергілікті тұрғын мен жастар қатысты. Кездесуде облыстық полиция, прокуратура басшылығы, ауыл ақсақалдары мен мұғалімдер сөз сөйлеп, өз пікірлерімен бөлісті, жастарды қолдау, идеологиялық шараларды күшейту, спорт залдарының санын көбейту және жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту бағыттарын атап өтті.

Айта кету керек, бүгінгі таңда облыс полициясы кәмелетке толмағандарға қатысты 800-ге жуық құқық бұзушылықты анықтап, 500-ден астам жасөспірімді есепке алды, олармен тәрбие жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар полиция 1700 қоғамдық көмекшімен бірлесіп профилактикалық жұмыстарды жүргізуде.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ