Қостанайда қарлы дауыл: ауыр қар мен жаңбырдан бірнеше көлік ағаш астында қалды

Қостанайда қар аралас жауын салдарынан үш көлік ағаш астында қалды. Құтқарушылар ағаштарды кесіп, көліктерді қауіпсіз босатты. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Қостанайдағы қар аралас жаңбырлы ауа райы автокөлік иелеріне күтпеген қиындықтар әкелді.

Бір күн ішінде қалада ағаштардың автокөліктерге құлауының үш оқиғасы тіркелді. Бұған ауыр жауын-шашын – нөсер жаңбыр мен жабысқақ қар себеп болған. Қалың қардың салмағын көтере алмаған бұтақтар сынып, көліктердің үстіне құлаған.

Алғашқы оқиға 8-шағын ауданда болды. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар бензопила көмегімен ағаш діңін кесіп, көлікті босатып алды. Жылдам әрекеттің арқасында көлікке елеулі зақым келмеді.

Екінші оқиға Тәуелсөздәк көшесінде болған. Мұнда құтқарушылардың жұмысы қиынырақ болды – екінші құлаудың және одан әрі зақымданудың алдын алу үшін Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ағашты бекіту үшін альпинистік құралдарды пайдаланды. Содан кейін олар оны мұқият бөлшектеп, көліктен шығарды.

Үшінші ағаш Баймағамбетов көшесінде тұрған көліктің үстіне құлаған. Бұл жолы да құтқарушылар бұрынғыдай әрекет етіп, ағашты кесіп, көлікті қауіпсіз босатып шықты.

Абырой болғанда, үш жағдайда да адамдар зардап шеккен жоқ. Алайда құтқарушылар нөсер мен жабысқақ қар кезінде ағаштардың астына көлік қоймауға кеңес береді. Қар мен жауынның жиналуы сау ағаштың өзін қауіпті етуі мүмкін.

Бұған дейін қолайсыз ауа райы салдарынан Қостанайда полиция жол жиегіне түсіп кеткен 9 автокөлікті шығарғаны хабарланған еді.