Көшеде балаларды ақша жинауға тартқан “қайырымдылық” қорлары анықталды

 Астанада балаларды заңсыз ақша жинауға тартқан қорлар әшкереленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Астанада жасөспірімдерді пайдаланып, қоғамдық орындарда заңсыз ақша жинау деректері тіркелді.

Астана қаласында саябақтарда, ойын-сауық орталықтарында, қоғамдық көліктерде және көшелерде рейдтер жүргізілді. Барлығы 8 кәмелетке толмаған (2008–2010 ж.т.) жасөспірім анықталды. Олармен ешқандай шарт жасалмастан, 3 қайырымдылық қоры балаларды волонтер ретінде тартқан (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 86-бабының 3-бөлігін бұзу). Аталған қорлар “қайырымдылық” деген желеумен өзге мақсаттарға шамамен 340 млн теңге жинаған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлады Астана қаласының прокуратурасы.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекетке тартқаны үшін қордың лауазымды тұлғаларына бөлек құқықтық баға берілмек.

Прокуратура кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылыққа тарту қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін (ҚК 132-бап) ескертеді. Сондай-ақ Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес, 16 жастан бастап еңбек шарты жасалуы тиіс, ал 14 жастан бастап тек ата-анасының келісімімен ғана рәсімделе алады. 

Прокуратура қайырымдылық қорлары мен ата-аналарды балалардың заңсыз әрекеттерге қатысуына жол бермеуге, олардың жұмысына, волонтерлік пен өзге де іс-шараларға мұқият қарауға шақырды.