Көрсеткіштер жақсаруда

Жұмыс беруші мен жұмыскер арасында дау жиі кездесіп тұрады. Әсіресе, жұмыс беруші тарапынан жұмыскерлердің еңбек құқығы бұзылып, жалақының уақтылы төленбеуі, қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілмеуі, жұмыстан заңсыз шығару сияқты келеңсіз жағдайлар аяқ аттаған сайын кездеседі. Осы ретте өңірімізде мұндай жағымсыз оқиғалардың алдын алып, екі тараптың мүдделерін заңға сәйкестендіруді қамтамасыз етіп келе жатқан облыстық еңбек инспекциясы басқармасының жұмысы атап өтуге тұрарлық. Аталмыш басқарма басшысы Берік ИБАДУЛЛАЕВ газет тілшісіне облыс бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелеп берді.

6,8 млн. теңге айыппұл өндірілді

Өткен жылы басқарма тарапынан 1 111 азаматтың арыз-шағымы қаралып, барлығына заң аясында белгіленген мерзімде жауап берілді. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда едәуір азайған. Арыздар негізінде облыс аумағындағы аталған мекемелер мен кәсіпорындарда барлығы 304 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 427 заң бұзушылық анықталды. Атап айтар болсақ, еңбек қатынастары туралы заңды бұзған – 338, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 84, халықты жұмыспен қамту бойынша 5 факті тіркелген. Анықталған заң бұзушылықтардың 382-сі заң аясында өз шешімін тапты. Ал,  қалғандарының орындалу мерзімі әлі аяқталған жоқ.

Анықталған кемшіліктер негізінде 223 нысанға арнайы нұсқама беріліп, еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша жалпы сомасы 7 129 133 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бүгінгі таңда белгіленген айыппұлдың 6 822 833 теңгесі өндірілді.

Жалақы қарызы әлі бар

 Жұмысшының негізгі табыс көзі – оның еңбекақысы. Өткен жылдың өзінде 9 кәсіпорын өзінің қарамағындағы 1 406 жұмыскерге 348,4 млн. теңге жалақы қарыз болып қалғаны анықталды. 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін берешек қарыздар негізінен жойылды. Атап айтқанда, Түлкібас ауданындағы «Evrascon» ААҚ Қызылорда филиалы 156 қызметкерге 55 млн. теңге, Кентау қаласындағы «Кентау Сервис» МКК 349 азаматқа 36,7 млн. теңге, Сайрам ауданындағы «Мұнай БК» ЖШС-і 1 жұмысшыға 0,6 млн. теңге,  Түркістан қаласындағы «Ныш-Ер» ЖШС-і 129 жұмыскерге 16,3 млн. теңге, «Ақ жол» ЖШС-нің Түркістан қаласындағы филиалы 752 жұмыскерге 232,4 млн. теңге, «Қаратас-Майнинг» ЖШС-і 1 жұмыскерге 0,9 млн. теңге, «Basis construction» ЖШС-нің Түркістан қаласындағы филиалы 1 жұмыскерге 0,3 млн. теңге, «VIP 001 Security» ЖШС  1 азаматқа 0,1 млн. теңге жалақы қарызын толық өтеді. Дей тұрғанмен, облыс аумағында жалақы қарызы бар мекемелер әлі бар. Мәселен, Отырар ауданындағы «Шұғыла Gold» ЖШС 4 жұмыскерге 0,4 млн. теңге жалақы қарызын төлеп, бүгінгі таңға 12 жұмыскер алдында 5,7 млн. теңге берешек қарызы қалған.

Аталған мекемелерге басқарма тарапынан анықталған заң бұзушылықтары бойынша 1 949 370 теңге көлемінде 9 әкімшілік айыппұл салынып, орындалуы міндетті нұсқамалар берілді. Нәтижесінде айыппұлдар толық өндіріліп, нұсқамалар орындалды және бір нұсқаманың орындалуы назарға алынды.

Өндірістік жарақат кеміді

Өткен жылдың өзінде 51 жазатайым оқиға орын алған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір азайды, ол кезде 74 адам жарақат алған болатын. Соның салдарынан 53  адам зардап шегіп, 5 адам қайтыс болды.

Жүргізілген зерттеу нәтижелеріне келсек, өндірістегі жазатайым оқиғалар денсаулық сақтау, білім, ауыл шаруашылығы салаларында – жеті жағдай, құрылыс, мұнай-газ саласы мен бюджеттік мекемелерде – бес жағдай,  машина жасау кәсіпорнында – төрт, энергетика саласында – үш, кен-металлургия өнеркәсібі, коммуналдық салаларда бір-бір жағдай тіркеліп отыр. Қалған 6 жағдай  өзге салаларда орын алған.

Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі Түркістан қаласына тиесілі. Мұнда 10-ға жуық жағдай тіркелген. Жетісай қаласында – 2, Арыс қаласында – 1, Кентау қаласында – 5, Түлкібас ауданында – 7, Сайрам ауданында – 5, Ордабасы ауданында – 4, Сарыағаш ауданында – 3, Отырар ауданында – 3, Созақ ауданында – 2, Төлеби ауданында – 2, Бәйдібек ауданында – 2, Сауран ауданында – 2, Мақтаарал ауданында – 2, Шардара ауданында 1 жағдай анықталып отыр.

Түсіндірме жұмыстары да тиімділік әкеледі

Басқарманың мемлекеттік еңбек инспекторлары 2022 жылғы шілде айында Түркістан қаласында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан 27 мердігер мекемелерде еңбек заңнамасы және еңбекті қорғау талаптарының сақталуы, атап айтсақ, өндіріс кезінде жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. 29 рет еңбек заңнамасының талаптарын түсіндіру бойынша ұжымдармен кездесулер, семинар-кеңестер өткізілді.

Өткен жылы облыс бойынша еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай электронды жүйесіне 5 284  жұмыс беруші қосылып, жалпы жүйеге 88 485 еңбек шарты енгізілді. Бұл мәселе бойынша да жұмыс берушілерге түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, еңбек инспекциясы басқармасының қызметкерлері жеке электронды сайтына келіп түскен еңбек заңнамасына қатысты азаматтардың өтініш сауалдарын дер кезінде қарап, толыққанды жауап беріп келеді.

ПІКІР ЖАЗУ