Конституцияның құрдасы – Бексұлтан
Егемен елімізде конституцияның құрдастары өз отбасыларын құрып, түрлі салаларда еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосуда. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Бексұлтан Ермекбайұлы Ташимов Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылында 1995 жылдың 11 қыркүйегінде дүниеге келген. 2013 жылы мектепті тәмамдап, Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігі М.Есболатов атындағы Алматы академиясына оқуға түседі.
Алғашқы еңбек жолын Ордабасы аудандық полиция бөлімінің жедел уәкіл қызметінен бастаған ол, көптеген қызмет сатыларынан өтті. Аға жедел уәкіл, криминалистік полиция бөлімшесінің бастығы қызметтерін атқара отырып, 2024 жылдың қаңтарында Бәйдібек аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Отбасылы, екі қыздың әкесі атанып отырған Бексұлтан үшін конституцияның құрдасы болу – өз қызметіне жауапкершілікпен қарауға көп септігін тигізеді екен.
– Мен тәуелсіз елде тұрып және конституцияның құрдасымын деп мақтанамын. Мемлекет бізге білім алуға және дамуға мүмкіндік берді. Сондықтан Отанымыздың дамуы мен игілігіне өз үлесімізді қосу өте маңызды. Еліміз гүлдене берсін, ал біз оның болашағын жақсартуға көмектесеміз. Осы айтулы мереке қарсаңында еліміздің барлық тұрғындарына ашық аспан, денсаулық және амандық тілеймін!- дейді полицей Бексұлтан.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі