Композитор Ержан Серікбаевтың ұлы жас қызды суицидтен құтқарып қалды

Марқұм композитор әрі әнші Ержан Серікбаевтың ұлы суицид жасап, өз өмірімен қоштаспақ болған  24 жасар қызды аман алып қалды. Оқиға Түркістан облысындағы үйлердің бірінде болған.

Төлеби аудандық полиция бөліміне павлодарлық жас жігіт хабарласып, таныс қызы суицид жасауға ниетті екенін айтып көмек сұраған. Полиция қызметкерлері Есенғали Асқарбеков пен Бейбарыс Серікбаев бірден қыздың тұрғылықты мекен-жайын анықтап, сол жерге жетеді.

Тәртіп сақшылары үйдің қақпасын қаққанымен, ешкім ашпаған. Содан полицейлер уақытты жоғалтпау керектігін түсініп, қақпаның үстінен асып түсіпті. Сол сәтте үйден бейтаныс әйел жүгіріп шығып, полицейлердің не істеп жатқанын сұрайды. Олар қоңырау арқылы келгендерін түсіндіреді. Алайда әйел қызының өз бөлмесінде ұйықтап жатқанын айтқан. Тәртіп сақшылары сенімді болу үшін үйді тексермекші болады. Осылайша олар қыздың бөлмесінде жоқ екенін және ас үйде қоштасу хаты тұрғанын анықтайды.

«Полицейлер үйдің барлық жерін аралап шыққан, бірақ қыз із-түзсіз жоқ. Бейбарыс Серікбаев үйдің төбесіне апаратын баспалдақты байқап, оған көтеріліп, сол сәтте арқанға ілулі тұрған жоғалған қызды байқаған. Учаскелік қызметкер дереу әріптесін көмекке шақырған. Олардың бірі қызды көтеріп, екіншісі ілмекті кесіп тастайды. Содан кейін полицейлер оған алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Жансызданған аяқ-қолдарын уқалап, жасанды тыныс алдырып, жедел жәрдем шақырған»,-делінген Түркістан облыстық ПД мәліметінде.

Қазіргі уақытта бойжеткеннің жағдайы тұрақты. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

Дәрігерлер бойжеткен уақытында құтқарылғанын, сонымен қатар тәртіп сақшылары сапалы алғашқы көмек көрсеткенін атап өткен. Өйткені полицейлер бірнеше секундқа кешіккенде, қыз өмірімен қоштасуы мүмкін еді.

Айта кетейік, полиция қызметкері Бейбарыс Серікбаев белгілі әнші әрі композитор Ержан Серікбаевтың ұлы. Өнер иесі өзінің туған жері Арыс қаласында 51 жасында жол-көлік оқиғасынан қайтыс болды. Қайғылы оқиғадан кейін жас жігіт өз өмірін полиция қызметімен байланыстыруға шешім қабылдаған. Бейбарыс 2022 жылдан бастап ішкі істер органында қызмет етіп келеді.

Жас қызды аман алып қалған екінші полицей Есенғали Асқарбеков  2009 жылдың қыркүйегінен бастап ішкі істер органында жұмыс істейді. Үйленген, үш ұл тәрбиелеп отыр.

ПІКІР ЖАЗУ