Қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдер рекорд жаңартты

2025 жылғы сәуірде елдегі қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдер саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. QR арқылы төлем жасау көрсеткіші де тарихи шекке жақындады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда 2025 жылғы сәуір айында қолма-қол ақшасыз жасалған операциялар саны рекордтық көрсеткішке жетті. 

ҚР Ұлттық Банкінің деректеріне сүйенсек, осы айда отандық және шетелдік эмитенттердің төлем карталары арқылы 1,15 миллиард трансакция тіркелген. Бұл наурыз айымен салыстырғанда 7%-ға, ал 2024 жылғы сәуірмен салыстырғанда 14%-ға артық. Бұл Ұлттық Банк статистикасындағы кез келген ай бойынша ең жоғары көрсеткіш.

Қолма-қол емес төлемдер сомасы да артып, сәуір айында шамамен 14,9 трлн теңгені құрады. Бұл рекордтық көрсеткіш болмаса да, айтарлықтай өсім екені байқалды: наурызбен салыстырғанда 3%-ға, ал өткен жылдың сәуірімен салыстырғанда 21%-ға (инфляцияны есептегенде 9%) артты.

Бірінші Кредиттік Бюро мәліметінше, QR арқылы төлем жасау да ерекше серпін көрсетіп отыр. Сәуірде аталған әдіс бойынша 322 миллион трансакция орындалып, бұл көрсеткіш кемінде 2023 жылғы мамырдан бері – яғни бұл статистика алғаш тіркеле бастаған уақыттан бері – айлық көлем бойынша рекорд орнатты.

QR арқылы төлемдер барлық қолма-қол ақшасыз төлемдердің 28%-ын құрады. Бұл бақылау кезеңіндегі ең жоғары үлес. Алайда, сомалық тұрғыдан алғанда бұл әдістің үлесі біршама төмен – 10%. Сәуір айында QR арқылы төленген жалпы сома шамамен 1,5 триллион теңгені құрады.

Мамандар қолма-қол ақшасыз жасалған операциялар цифрлық төлемдердің кең таралуымен, смартфон қолданушыларының көбеюімен және банк қызметтерінің қолжетімді болуымен байланыстырады.