Көкөніс сапасын кім бақылайды?

Ақтөбеде Орталық базар аумағындағы жабайы сауда қайта түледі. Алайда өнімдердің сапасы және бағасын ешкім тексеріп жатқан жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ескі қаланың бір топ тұрғыны жабайы саудада сатылатып жатқан көкөністің сапасына көңілі толмайтынын жеткізді.
Көп адам осы жабайы сауда сөрелерінен көкөніс алып жатыр. Алайда олардың қайдан, қалай жеткізілгені туралы ешкім ештеңе айтпайды. Егер тұрғындар уланса, кім жауап береді? Бұл жерде өнімдердің аузы ашық тұр, көшеде шаң-тозаң көп. Мұндағы сатушылардың я құжаты, я өнім туралы қолында қағазы жоқ, – дейді қала тұрғыны Зияда Шекербекқызы.
Біз бұл мәселеге қатысты кәсіпкерлік басқармасына хабарластық. Басқарма өкілі өнім сапасына қатысты сауалдарға облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жауап беретінін, ал бағаға қатысты мекеме мамандары биыл мониторинг жүргізгенін айтты.
Биыл Ақтөбе облысы бойынша азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссия 20 отырыс өткізді, нәтижесінде 57 бұзушылық фактісі анықталды. Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 204-4,1-бабы бойынша сауда үстемесін асыру бойынша 51 әкімшілік хаттама жасалды және ескерту берілді. Бұдан бөлек, заң аясында кәсіпкерлерге 117 906 теңгеге 6 хаттама толтырылып, айыппұл салынды, – дейді сауда бөлімінің басшысы Н.Сағитжан.
Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы М.Елеуова тұтынушылардан арыз-шағым мен өнімнің сапасын дәлелдейтін фото, чек түспесе тексеру жүргізілмейтінін айтады.
Біз заң аясында кәсіпкерлік нысандарға тексеру жүргізе алмаймыз. Ал жабайы сауданы полиция департаменті қадағалайды, – дейді ол.