Киім, техника, көлік: Қорғастан не сатып алуға болады?

Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық облысы халықаралық ынтымақтастық пен сауда алмасуды белсенді дамытып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Бұл туралы Шыңжаң Халық үкіметінің Сыртқы байланыстар басқармасының орынбасары және партия комитетінің мүшесі Сяо Евэнь мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Шыңжаң – Жібек жолы экономикалық белдеуін құрудағы негізгі аймақ. Географиялық орналасуы бойынша оның шығысы Азия-Тынық мұхиты экономикалық белдеуіне, ал батысы Еуропа экономикалық аймағына жалғасады.

“Бір белдеу, бір жол” бойында орналасқан шамамен 30 мемлекет пен 2,2 миллиардқа жуық халыққа байланысты Шыңжаң Қытайдың батысқа және Еуразияға ашылуындағы маңызды логистикалық және стратегиялық торап.

Облыста Қытай-Еуропа теміржол жүк пойыздарының негізгі торабы құрылып, 17 құрлықтық шекара бекеті мен 2 әуе шекара айлағы жұмыс істейді. Әсіресе Шыңжаңның астанасы Үрімжі қаласы халықаралық көлік аймағы ретінде логистикалық хабқа айналған.

2011 жылдан бері 100 мыңнан астам Қытай-Еуропа пойызы жолға шықса, оның 7 682 рейсі Шыңжаң арқылы өтті. Қазіргі таңда 23 бағыт бойынша пойыздар Еуразияның 19 елі мен 26 қаласына қатынайды, тасымалданатын тауар түрі 200-ден аса санатқа жетеді.

Сяо Евэнь Қазақстанның Шыңжаң үшін маңызды серіктес екенін атап өтті. Қытай-Еуропа жүк пойыздарының негізгі бағыттары Қорғас пен Алашанькоу өткелдері арқылы өтеді, бұл бағыттардың барлығы Қазақстан аумағынан өтіп, Еуразия елдерін өзара байланыстырады.

Шыңжаң мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық әлеуеті зор, мүмкіндігі кең, болашағы жарқын. Біз өңірлік артықшылықтарымызды толық пайдалана отырып, Қазақстанмен және Еуразия елдерімен экономикалық және сауда салаларын қоса алғанда, барлық бағыттағы өзара тиімді серіктестікті дамытуға дайынбыз, – деді Сяо Евэнь.

Қорғас кеденінің статистикасына сәйкес, Қорғас портының импорт пен экспорт көлем биыл қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 34,881 миллион тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8%-ға артты. Бұл көрсеткіш Шыңжаңдағы барлық кеден бекетінің арасында бірінші орын алады.

Осы жылдан бастап Қорғас порты Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы экономикалық және сауда алмасуларының маңызды торабы ретінде жүктердің импорты мен экспорты көлемінің өсу тенденциясын көрсетті.

2025 жылы Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Қорғас халықаралық ынтымақтастық орталығының (ХЫО) жаңартылған инфрақұрылымы мен цифрландыруы шопингке баратын қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндіктер мен ережелерді ұсынады.

Қазақстандық БАҚ өкілдері Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің ұйымдастыруымен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық облысына барып, Қорғас бекетінде болды.

Қорғастан не сатып алуға болады?

Мамыр айында Қорғас ХЫО толық цифрландыру мен интеграциялау процесін аяқтап, шекаралық бақылау, тауарларды тапсыру және алу рәсімдерін айтарлықтай жеңілдетті. Бұл жаңашылдықтар қазақстандық туристер мен кәсіпкерлер үшін уақытты үнемдеуге және қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Қалай жетуге болады?

Қорғасқа жетудің бірнеше жолы бар: жеке көлікпен, таксимен, автобуспен, туристік топпен немесе пойызбен. Бағыт пен жол жүру уақыты таңдалған көлік түріне байланысты өзгереді. Қазақстандықтар үшін шекарадан өту үшін тек төлқұжат қажет, виза талап етілмейді.

Не сатып алуға болады?

Қытай жағында сауда орталықтары, қонақ үйлер және басқа да инфрақұрылымдар жақсы дамыған. Алайда, ұялы байланыс пен интернет қызметтері шектеулі болуы мүмкін. Қазақстандықтар тұрмыстық техника, шиналар және төсек-орын жабдықтарын сатып алу үшін Қорғасқа жиі барады.

Сондай-ақ қазақстандық кәсіпкерлер киім-кешек сатып алу үшін де осы Қорғасқа жиі келетінін білеміз.

Қорғас арқылы тек жеке пайдалану үшін тауарларды әкелуге болады. Әкелінетін тауарлардың жалпы салмағы 25 кг-дан аспауы тиіс, ал жалпы құны 500 еуродан жоғары болмауы керек.

Қазақстан жағында инфрақұрылым дамып келеді. Жақын арада “Шығыс базары” стиліндегі туристік аймақты құру жоспарлары бар. Бұл жобалар қазақстандық туристер үшін Қорғасқа сапарды одан әрі тартымды етуге бағытталған.

Қорғас 2025 жылы сауда және туризм үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Цифрландыру мен инфрақұрылымдық жаңартулар қазақстандықтарға шекаралық сауданы ыңғайлы әрі тиімді етуге мүмкіндік береді. Алайда, шопингке бармас бұрын тауарларды әкелу ережелерін және инфрақұрылым жағдайларын ескеру маңызды.