ҚХА кеңесінің кеңейтілген отырысында Түркістан облысындағы энтосаралық ахуал талқыланды
Түркістан облысы – көп этнос өкілдері тұратын өңір. 2 миллионнан астам тұрғыны бар аймақта 50-ге тарта этнос өкілдері өмір сүреді. Облыс ассамблеясы этностардың дамуына жағдай жасайтын 34 этномәдени бірлестікті біріктіреді. Сонымен қатар, Түркістан «Қоғамдық келісім» мекемесінің 9 филиалы жұмыс істейтін жалғыз облыс болып табылады. Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 5 қоғамдық құрылымы жұмыс істейді. Түркістан өңініндегі этносаралық ахуал туралы Елордада өткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев баяндады.
«Статистика бойынша, Түркістан облысында түрлі тұрмыстық жанжалдар аз емес. Өзіңіз де мысал ретінде Шорнақ, Қарабұлақ елді мекендерінде болған оқиғалар туралы айттыңыз. Тұрмыстық деңгейде болса да, дәл осындай жағдайларға баса мән беру керек. Ең алдымен мұндай оқиғалар ұлттық сипатқа ұласпауы қажет. Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе, Түркістан облысында Достық үйін ашу керек. Мұндай үйлер өңірлердің бәрінде бар. Мұндай үйлер салтанатты мәжілістердің залына айналмауы керек. Мен бұл туралы кейін кеңірек айтам. Достық үйлері сарапшыларды шақырып, туындайтын проблемаларды практикалық тұрғыда талқылай алатын халық өкілдерін қабылдауы керек. Осыған қатысты қандай жоспарларыңыз бар?», – деп сұрады Мемлекет басшысы Түркістан облысының әкімінен.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірде этносаралық ахуалдың тамырын басып отыратын мониторинг орталық жемісті жұмыс істеп тұрғанын атады.
«Шын мәнінде жаңағы Шорнақта, Қарабұлақта оқиға орын алды. Олардың алдын алу үшін бізде 2019 жылдан бастап этносаралық шиеленістерді тікелей зерттейтін мониторингтік орталық ашылды. Онда тек қана әліметтерді тек билік орындарынан емес, жүйелі әлеуметтік желіден, азаматтардың берген өтініштерінен, шұғыл мәлімет жинайтын қоғамдық орындардан жинап, соны сараптауға көшті. Соның арқасында 2019 жылы Шорнақ елді мекенінде осындай тәуекел бар екеніне көзіміз жетті. Сол жерде тиісті шаралар қолданып, екі жақты қарияларын жинап, олармен мәслихат өткізіп, сол жердегі құқық қорғау органдарының жұмысын нығайтып, әрекет жасадық. Соның арқасында 2020 жылғы кикілжің де қантөгіс те болмай, мәселе бірнеше сағаттың ішінде реттелген болатын» – деді аймақ басшысы.
Өңір аумағында және түрлі этностардың бірге тұратын жерлерінде туындаған қақтығыстарды талдағаннан кейін, құқық қорғау және басқа да мүдделі органдардың ерекше назарын талап ететін «қызыл аймақты», этносаралық жағдайды бақылауда ұстау қажет «сары аймақты» және этносаралық қатынастар тәжірибесін біз басқа аймақтарға тарататын «жасыл аймақты» қамтитын этносаралық қатынастар картасы әзірленді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі