Кентауда Бұқар жыраудың мемориал тақтасы қойылды
Биыл қазақтың ұлы жырауы, жоңғар басқыншыларына қарсы Қазақ-жоңғар соғысының бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай ханның ақылшысы Бұқар жырауға 355 жыл.
Осыған орай Кентау қаласы Қарнақ ауылына Бұқар жырау ауданынан ҚР Парламент сенатының депутаты, академик Алтынбек Нухұлы, елімізге танымал ақын, айтыскер Айтбай Жұмағұлов, Бұқар жырау аудандық маслихат төрағасы Асхат Сағадиұлы бастаған бір топ делегация келді.
Ең алдымен Қарнақ ауылындағы тарихи орын Шаммат Ишан мешітінде болып, Бұқар жырауға арналған мемориалды тақтайшаның ашылуына қатысты. Ұлы жырауға арнап естеліктері қойылған бөлме дайындалды. Енді, мешітке келген кез-келген турист жырау жайында арнайы бөлмемен де танысып, естеліктерінен хабардар болады.
Келген қонақтарға қала әкімі Жандос Тасов тарихи орындарды таныстырды. Тағлымға толы кездесуде тарихи мешіттен ерекше әсер алған олар естелік суреттерге түсіп, өз ойларымен бөлісті. Кезінде білімділердің ордасы болған Қарнақ жайында және осындағы үлкен медресенің бірінде ұстаздық еткен Бұқар жырау жайында әңгімелер айтылды.
Тарихи кездесу Қарнақ ауылының алаңындағы салтанатты шарамен ұласты. Қала әкімі Жандос Тасов өскелең ұрпаққа тарихымызды ұдайы насихаттау жолындағы игі істеріне алғыс білдірді. Дәстүрімізге сай келген қонақтарға естелік сыйлықтар табыс етті.
Салтанатты шараға қатысқан әдебиетші, сыншы, Жазушылар одағының басқарма мүшесі, профессор Ергөбек Құлбек тарихқа үңіліп, Бұқар жыраудың атқарған батырлығы мен батылдықтары жайында ой қозғады. Тарихи мешітті сақтап қалған ауыл тұрғындарына ризашылықтарын білдірді.
Одан бөлек, Бұқар Жырау ауданынан келген қонақтарда өз ізгі тілектерін айтып, ізгілікті істе ынтымақ пен бірлігіміз арта берсін деген кентаулықтарға алғыстарын айтты.
Жиында Бұқар жырау ауданынан келген күміс көмей әншілер ұлттық өнерден паш етіп, көрерменге көңілді кеш сыйлады. Салтанатты шара соңында әруақтарға бағышталып ас берілді.Қарнақ ежелден өндірісі дамыған қалашық болған. Бұл жерде шойын қорыту, қорғасын балқыту, оқ-дәрі жасау кәсібі деректерден белгілі. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арналып жасалған атақты Тайқазан осы Қарнақта құйылған.
Одан бөлек, Қарнақта бірнеше медреселер болған. Ерте кезде 22 медресе болғанын, оның ішінде төртеуі үлкен медресе екенін аталған. Сол медреселердің бірінде Бұқар жыру ұстаздық еткен. Қалашықта әлі күнге сақталған көне құрылыстардың бірі Шәммат Ишан мешіт-медресесі қазіргі күні музей болып қызмет жасап тұр. Қарнақ медреселерінде ерте заманнан бастап Кенесары-Наурызбайға шейін қазақ төрелері, елшілік қызметіне дайындалатын адамдар, сарай қызметкерлерінің балалары білім алған. Қарнақ қазаққа белгілі «зар заманның» ақыны Шортанбай Қанайұлының туған жері. Сол себепті де Қарнақтың тарихы өте тереңде.